Кеңесші орган жылды қорытты

Өткен жылдың соңында қалалық консультативтік-кеңесші органның отырысы болып, оған Кеңес төрайымы М.Мәдиева төрағалық етті.

Күн тәртібіндегі қаралған қалалық консультативтік-кеңесші органның 2012 жылда атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы Жезқазған қаласы туберкулезге қарсы күрес диспансері бас дәрігерінің орынбасары М.Оразбекова хабарлама жасады.

Қалалық ішкі істер бөлімінің (ІІБ) тізімі бойынша 2012 жылы 67 адам түзеу мекемесінен босап келді, олардың 48-і тексерілуден өтті, 19-ы өкпе ауруларына қарсы диспансерден тексерілуден өткен жоқ. Осы себепті ІІБ-не хат жолданса да нәтижесі болмаған. Түзеу мекемесінен босап келген азаматтардың көбісі көрсетілген мекенжайда тұрмайды. Алдағы уақытта түзеу мекемесінен босап келген азаматтарды флюорографиялық тексерістен өткізу үшін олардың тұрғылықты мекенжайы толықтай анықталуы тиіс. Сонда ғана олардың тексерілуден толықтай өтуі мүмкін болады.

Осы мәселеге орай Сәтбаев қалалық ІІБ-нің аға инспекторы Д.Түсіпбековтың мәліметі тыңдалды. Ол өз сөзінде түзеу мекемесінен босап келген азаматтардың тұмыс жағдайларын, тұрғылықты жерлерін учаскелік инспекторлар тексеріп, үнемі бақылауда ұстап отыратындығын, жыл басынан бері 78 адам түзеу мекемесінен босап келгендігін және осы уақыт аралығында 5 адам ІІБ-не келіп тіркеуден өтпегендігін атап өтті. Сонымен қатар, түзеу мекемесінен босап келген  адамдардың барлығы  өкпе аурулары дипансерінде тексерілуге, қажет болса есепке тұруға жіберілетіндігін жеткізді.

Одан кейін Сәтбаев қаласының қылмыстық атқарушы инспекциясының бастығы Ж.Жандильдин сөз алып, инспекцияның жыл бойы атқарған жұмысына тоқталды. Жыл басынан бері 78 адам шартты түрде мерзімінен босатылған, оның 60-ы  тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 18 адамға жұмысқа орналасу үшін жолдамалар берілген, алайда олар үзілді-кесілді жұмысқа орналасудан бас тартқан.

Күн тәртібінің екінші сұрағы бойынша қалалық консультативтік-кеңесші органның 2013 жылға арналған жұмыс жоспары орган мүшелерімен талқыланып, бекітілді.

Осы көтерілген екі мәселе бойынша қалалық консультативтік орган тиісті шешім қабылдады.

Жиынды қорытқан М.Мәдиева түзету мекемесінен келген азаматтардың мекенжайларын толық анықтап, бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне Жезқазған қаласы туберкулезге қарсы күрес диспансерімен бірлесіп жұмысты одан әрі жалғастыруды ұсынды.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.