Кешенді жоспардың орындалысы сараланды

Үшінші мыңжылдықтың елді дүрліктірген ерекше жылы да тарих қойнауына кірді.  Елбасы мен Үкіметтің өткен жылға белгілеген жоспарлары толығымен орындалып, еліміз биік белестерден көрінді. Оның шапағатын біздің аймағымыз да көріп жатыр. Соның ішінде Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әлеуметтік дамуына негізделген кешенді жоспардың орны ерекше болғанын айтып өту ләзім. Осы бағдарламаның негізінде аймағымызда ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Оның орындалысы да көңіл қуанарлықтай. Бұған жуырда Жезқазған қаласында өткен аймақтық активте толық көз жеткіздік.

Желтоқсан айының соңында Жезқазғанға келген облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы активінің жиынын өткізді. Актив жұмысына «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай, жоғарыда аталған қала, аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары қатысты.

Жиында негізінен Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, сондай-ақ, 2012-2017 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы қаралды.

Алқалы жиында кеншілер қаласының әкімі Батырлан Ахметов өңір басшысы алдында атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Ол өз баяндамасында Сәтбаев қаласы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму барысының 11 айлық нәтижесі жайлы кеңінен әңгіме қозғады. Қала басшысының сөзіне қарағанда, өткен 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың барлық көрсеткіштері өсу үстінде. Негізгі капиталға 19 млрд. 880 млн. теңге салынған. 10433 шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілген. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандары арқылы 3 млрд. 550 млн. теңгенің өнімдері өндірілген. Ауыл шаруашылығы өнімдері де 106,1 процентке орындалыпты.

Жұмыссыздықты шектеу, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен 11 айда қала бойынша 2945 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, 182 адам әртүрлі мамандықтар бойынша дайындықтан және қайта дайындаудан өткен.

– Осындай жетістіктерге қол жеткізуімізге аймағымызды дамытуға бағытталған кешенді жоспар мен түрлі мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор болып отыр. Әсіресе, Үкімет бекіткен кешенді бағдарлама кеншілер қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіруге зор септігін тигізуде. Сондай-ақ, моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде қаламызға 274 млн. 203 мың теңге қаралып, ол толық игерілді. Соның нәтижесінде қалада 11 балалар алаңы, 4 көп салалы корт салынып, 249 баған орнатылып, 843 шам қойылды. Қаланы көгалдандыру және сәулеттендіру мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Үстіміздегі жылға құны 1млрд. 199 млн. 636 мың теңге болатын 5 ірі жоба негізге алынып отыр, – дей келіп, қала әкімі Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың 2012-2017 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделген жұмыстардың барысына тоқталды.

Оның айтуынша, кешенді жоспарға сәйкес алдағы жылдары 66 және 74 орамдарға кәріз желілерін салу, сондай-ақ, жауын суларының ағуы үшін кәріздік және коллекторлық желілер салу жоспарлануда. Үстіміздегі жылы оның техникалық және сметалық құжаттары әзірленетін болады.

Активте қала әкімі Батырлан Ахметов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша үстіміздегі жылы атқарылатын өзге да өзекті мәселелер мен ауқымды шаралар туралы әңгімеледі.

Алқалы жиында Жезқазған қаласының әкімі Бауыржан Шыңғысов пен Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омаров күн тәртібіндегі мәселелер бойынша есеп берді. Сонымен қатар, Жезқазған өңірінің энергия көздерін және инженерлік желілерін дамыту, тарифтік саясат мәселелері қаралды.

Алқалы жиында «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай сөз сөйлеп, кешенді бағдарлама шеңберінде корпорация тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Ол өз сөзінде аймағымызда минералдық-шикізат базасын жетілдіру, жаңа өндіріс орындарын ашу барысында жұмыстардың еш тоқтамайтынын, кену жұмыстарын жандандыра түсетінін айта келіп, қазіргі уақыт ағымына сай кені таусылған кеніштердегі кеншілерді басқа жұмыстарға ауыстыру жүргізіліп жатқанын, ешбір адамның жұмыссыз қалмайтынын ашып айтты.

– Біз таяу үш жылды жұмысқа орналастыру жылы деп атап отырмыз. Осы үш жылда корпорацияның қарауындағы кейбір активтер де қаланың коммуналдық саласына өткізілетін болады. Апатты аймақтардан тұрғындарды көшіріп, қоныстандыру да жоспарға сәйкес жүргізілетін болады. Ешкім сыртта және назардан тыс қалмайды, – деді басқарма төрағасы.

Активте сөз сөйлеген облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданында қол жеткізілген айтарлықтай жетістіктердің бар екендігін атап өтті.

– Дегенмен, солай екен деп арқаны кеңге салып, тоқтап қалуға әсте болмайды. Керісінше қарқынды үдетіп, экономикалық дамуды арттыра түсуіміз керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында осындай міндеттер қойып отыр. Оның ішінде үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру жайын айрықша атап айтқан болатын, – деді өз сөзінде өңір басшысы.

Аталмыш бағдарлама шеңберінде жаңа инвестициялық жобалар іздестіріп, іске қосылған кәсіпорындардың жобалық қуаттылығына шығуына көмектесу керек.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық мемлекеттік және салалық бағдарламаларды өңірді дамытудың басым бағыттарын шеше отырып, үйлестіру қажет.

Талқылау қорытындысы бойынша Әбілғазы Құсайынов Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданы әкімдеріне, сондай-ақ, облыстық басқарма басшыларына осындай нақты тапсырмалар берді.

Осыдан кейін 2013 жылға облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС арасында өзара ынтамақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум бойынша корпорация қаржысына Сәтбаев қаласындағы «Кеншілер даңқы» алаңын абаттандырып, коммуналдық базарға ғимарат сатып алу жоспарланып отыр. Корпорация Жезқазған қаласындағы магистралды су құбырын қалпына келтіруге де қаражат бөлмекші.

Сонымен қатар, бұрнағы жылдардағыдай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне материалдық көмек көрсетіліп, басқа да әлеуметтік жобалар қаржыландырылатын болады.

– Осындай маңызды құжаттарға қол қою Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерді табысты шешуге мүмкіндік береді. Өзара ынтымақтастығымыз «Қазақмыс» компаниясымен арадағы іскерлік байланыстарымызды одан әрі нығайтып, жұмысқа жаңа серпін береді деген сенімдеміз, – деді сөз соңында Әбілғазы Құсайынов.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.