Көше тазалау қарбаласқа толы

Өткен жылдары жауған қар тобықтан асар-аспастай ғана болса, биыл небәрi екi-үш күннiң iшiнде қала көшелерiн қалың жауған ұлпа қар басып қалды. Қалалық коммуналдық шаруашылық мекемелері техникамен толық сайланып отырса да табиғаттың мұншалық тосын мiнезiн ешкiм күтпеген едi. Оның үстiне, жылымық ауа-райымен жауған қар жерге түссе сәл ерiген болып, артынан мұзға айналып, мұның ақыры қар тазалаушыларға оңайға соқпай, ауыр жұмысқа айналды.

Желтоқсанның соңын ала жауған қардан жолдарды қар басып, жұрт әбiгерге түсе бастаған-ды. Оның үстіне аптаға жуық болған демалыс күндері де жұмысқа қолбайлау болғандай. Алайда, қалалық коммуналдық шаруашылық қызметі мен тиiстi орындардың күн-түн демей тынымсыз жүргiзген жұмысының нәтижесiнде көлiк жүретiн көшелердiң басым бөлiгi көп ұзамай қалыпқа келдi. Алайда, күнделiктi куә болып отырғанымыздай, қар сирек жауса да, жұмысты күрделендіре түсуде. Осыған орай, Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов өзінің өткен аптадағы селекторлық кеңесінде аймақты қар мен мұздан уақытылы тазарту жұмыстарын ширату қажеттігін айтқан болатын.

Аймақ басшысы жергілікті әкімдерге көшелердегi қар мен мұзды тазалап шығару бойынша кесте құруды және оны апта сайын тұрақты жүргізіп отыруды тапсырды.

– Қала және аудан әкiмдерi коммуналдық шаруашылықтар мен жеке кәсiпорындар иелерiмен жұмысты жандандыра түсуi қажет. Көпшілік жүретін көшелер мен сауда орындарының маңы таза, халықтың жүріп-тұруына қолайлы болуы қажет. Бұл жұмыстар мүлтіксіз орындалуға тиіс, – деп атап өтті селекторлық кеңесте облыс әкімі.

Өңір басшысы сонымен қатар, синоптиктердiң болжамы бойынша қазiргi уақытта бүкiл Еуропа мен Азияның айтарлықтай бөлiгiнде байқалып тұрған табиғаттың құбылмалы мiнезi біздің аймағымызға да қыс бойы әсерiн тигiзуi мүмкiн екенiн атап өттi. Бұл ретте, тек қардың жаууы ғана емес, кенеттен күн жылынып, көктайғақтың болуы ықтимал екенін де ескертіп өтті.

Осыған орай, қазір кеншілер қаласында қарбалас жұмыстар жүргізілуде. Оған қаламыздағы коммуналдық саламен айналысатын «Тазалық – 2020» мекемесі мен «Қазақмыс» корпорациясының жол құрылысы кәсіпорнының мамандары тартылуда. Біз жуырда осы іспен шұғылданып жатқан қалалық «Тазалық – 2020» мекемесінің жұмысымен танысқан едік.

– Біздің мекеменің еншісіне 11 көше тиесілі. Осы көшелерді қардан тазалау мақсатында желтоқсан айынан бері тынымсыз жұмыс істеп жатырмыз. Күніне бір көшеден тазалай отырып, барлық үлкен көшелерді қар құрсауынан тазарттық. Бұл жұмыстарға 10 адам, 1 қар тиегіш, 1 автогрейдер, 2 КамАЗ жүк машинасы мен 1 автосыпырғыш қатыстырылды. Енді мұзбен күресіп жатырмыз, – дейді аталмыш мекеменің жол шебері Майра Бекова.

– Желтоқсан айынан бастап қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесі қала көшелерін қардан тазалау, жүргіншілер мен жүргізушілерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында арнайы кесте жасап, сол бойынша жұмыс жасауда. Бұл жұмыстарға қаламыздағы «Тазалық – 2020» мекемесі мен «Қазақмыс» корпорациясының жол құрылысы кәсіпорыны қатыстырылуда. Оларға қала көшелері бөлініп берілген. Жол құрылысы кәсіпорны негізінен «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кәсіпорындарға қатынайтын автобустар мен көліктер жүретін көшелерді алса, қаланың үлкен көшелері мен аулаішілік жолдар «Тазалық – 2020» мекемесінің үлесіне тиесілі.

Аталмыш мекемелер өздеріне бекітілген көшелерді қардан тазартып болды. Бірақ, кейінгі күндері ішінара болып тұрған жылымық пен жаңбырдың сіркіреуі көшелер мен жолдарды көктайғаққа айналдыруда. Ендігі міндет көшелерді сол мұздан тазарту жұмыстары болып отыр. Бұл істе де қарқынды жұмыс атқаратын боламыз, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар автокөлігі мен автокөлік жолдары бөлімінің бастығы Серік Оразбаев.

Қыстың әр күні коммуналдық шаруашылық мамандары үшін қарбаласқа толы. Әсіресе, көшелер мен жолдардың тазалығы қашанда басты назарда тұрары анық. Осыған негізделген мекемелер күн-түн демей жұмыс істеуге әзір. Оған қажетті техникалар да сақадай сай. Алдағы уақытта осы жұмысқа бағытталған арнайы техникалар сатып алу да жоспарда тұр.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.