Мұз үстінде сақ болайық!

Қыс мезгілінің әкелер қызығы көп. Бірақ, бұл қызықтар адам өміріне қауіп төндіретінін ұмытпауымыз керек. Қыс айларында келеңсіз жағдайлардан аман-сау болу үшін өзен, көл, айдындарда өте сақ болған дұрыс. Қыстың алғашқы және соңғы күндерінде мұз қабаты жұқа, адам салмағын көтере алмайтын болып келеді. Сондықтан мұз үстінде сырғанаған өмір үшін қауіпті. Коньки, шаңғыны тек арнайы орындарда ғана тебіңіздер. Қалың қар басқан жерлерде мұз баяу қатады. Мұз айдынына бара қалсаңыз өзіңізбен бірге бір басында ауыртпалығы бар жіп ұстап жүрген жөн. Мұз жарылған сәтте қасыңыздағы адамға ауыртпалығы бар жіптің ұшын лақтырыңыз, сонда ғана ол адам сізді құтқара алады. Мұз үстіндегі ережені сақтау өте маңызды. Рұқсат етпеген жерден өтпеңіздер, түнгі уақытта мұз бетіне шықпаңыздар!

Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатымен суда құтқару қызметкерлері мектептерде және басқа да мекемлерде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Мектептерге барып оқушыларға мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін және алғашқы көмек туралы кеңестер беріп тұрады.

Ал енді балық аулаушылар мен автокөлік жүргізушілеріне айтар кеңесіміз – балық аулауға барарда туған-туыстарыңызға қай жерде болатындарыңызды ескертіп, сонымен бірге құтқару құралдарын ала шығуды ұмытпаңыздар. Мұз үстінде көлікпен жүруге қатаң тиым салынады! Көлікті жағалауға қойып кеткен жөн. Өкінішке орай, осы ескертулер мен ережелерді ескермеу қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтырады.

Құрметті балық аулаушылар мен көлік жүргізушілер және балалар!

Мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін естен еш уақытта шығармаңыздар! Егер өзіңіз қауіпті жағдайға түсіп қалсаңыз сабырлы болуға тырысыңыз, қолдарыңызды екі жаққа жайып, мұзға кеудеңізбен немесе арқаңызбен жатуға тырысыңыз да ойылған жерден қауіпсіз жерге қарай еңбектеңіз. Егер қасыңыздағы адам қауіпті жағдайға душар болса мұздың ойылған жеріне қатты жақындамай, еңбектеп қолыңыздағы бар нәрселердің көмегімен (ұзын тақтай, арқан, жіп), тіпті болмаған жағдайда үстіңіздегі киіміңізді шешіп, еңбектеп барып жіптің бір ұшын лақтырып мұз үстіне шығарып алыңыз. Төтенше жағдайлардан аман болу үшін біздің кеңестерімізге құлақ салыңыздар! Өмірлеріңізге жауапкершілікпен қарап, абай болыңыздар. Әр адамның өмірі өз қолында!

С.Алиманова, Сәтбаев суда құтқару стансасының аға медбибісі.

Комментарии закрыты.