«Мәңгілік ел болу тұрғысынан бұл Жолдаудың маңызы ерекше»

Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы –  қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын кеншілер қаласының жұртшылығы да қызу қолдауда. Ал, Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға елді жұмылдыруда жергілікті билік ұйымдастыру шараларын да жасап жатыр. Қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиевамен болған сұхбатта осы және өзге де мәселелер  сөз болды.

– Марал Сағынайқызы, өткен жыл сіз үшін несімен ерекшеленді?

– Иә, өткен жыл өзіндік өрнектерімен ерекшеленіп отыр. Жылды қорытындылау тұрғысынан айтар жетістігіміз баршылық. Олардың барлығын санамаламай-ақ, халқымыздың рухын көтер­ген оқиғаларды айтсақ та, жеткілікті. Ұлт рухын асқақ­татқан дүниенің бірегейі – Лондон Олим­пиадасы. Қазақтың асығы алшысынан түсіп, біздің спортшыларымыз кезек-кезек тұманды Альбионның аспанында қазақтың көк Туын желбіретіп, Әнұранын асқақтатты. Бұл – Қазақстанның бұған дейінгі белестерінің ішіндегі биігі.

Екіншіден, «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу құқығы үшін бәсекеге түскен Астананың бағы жанды. Сөйтіп, биыл Халықаралық көрме бюросының қабылдаған шешімі тарихи шешім болды. Жер-жаһанның жетістіктерін паш ететін осынау әлемдік шара ТМД мен Орталық Азия елдері арасында алғаш рет Еуразияның кіндігіне қадам баспақшы. ЕХРО – 2017-нің еліміздің қуаттанып, дамуына елеулі ықпал етері де хақ. Ендігі маңызды міндет – халықаралық шараны лайықты деңгейде өткізу. Бұл – Қазақстанды тағы бір қырынан танытуға болатын тың мүмкіндік.

Өткен жылдың ең маңызды оқиғалары туралы айтсақ, алдымен әрине, «Қазақстан – 2050» стратегиясының айқындалуы. Барша қазақстандықтар алдында Президенттің Тәуел­сіздік күні қарсаңындағы салтанатты жиында осынау 2050 жылға дейінгі мәңгілік ел болуға негізделген идеяны жариялаған Жолдауы елдің көңіл-күйіне үлкен ықпал етті, жұртты өз әсерімен бөледі деп айта аламын.

– Елдігіміздің ертеңін айқын­даған осы «Қазақстан-2050» Страте­гиясы туралы не айтар едіңіз?

– Елбасының кезекті бұл Жолдауында еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы кең ауқымда жасақталып, үкімет пен билік алдына көптеген міндеттер жүктеді. Жолдауда Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену бағыты айқындалып, жаңа туылған сәбиден бастап, Қазақстан әйелдері, жастары мен қарияларына қатысты мәселелер қамтыла келе, әлеуметтік көмек көрсету, еңбекпен қамту, білім мен ғылым  секілді қарапайым халыққа жақын мәселелер талқыланған.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы біздің жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістерге дайын екенімізді айтып, «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру», – деді.

Мемлекетіміздің мықты болуы үшін көреген стратег-саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету, ұзақ мерзімді  жоспарлау саясатын ұсынды. Сөйтіп, ХХІ ғасыр бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болатынына сенім білдірген Елбасы Қазақстан халқын жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырды. Мемлекет басшысының тарихи-саяси артықшылығы мол осы Жолдауынан халықтың алары көп деп санаймын.

– Жолдауда қай салаға ерекше басымдық берді деп айта аласыз?

– Елімізде халықтың тұрмыс-дәрежесін жақсарту, әлеуметтік жағдайын көтеру бағыттарында үздіксіз іс-шаралар жүргізіліп келеді. Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында әлеуметтік саясатты әрі қарай жалғастыруды назардан тыс қалдырмай, оның жаңа бағыттарын көрсетіп міндеттер жүктеп келеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы  – қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси бағыты» атты бұл Жолдауында да Елбасы әлеуметтік мәселелерге ерекше тоқталған. Яғни, әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарын жүзеге асыруды ұсынып отыр. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мейлінше жұмысқа белсенді тартып көмек көрсетіп, жағдай туғызудың қажеттілігінің маңыздылығын көрсеткен. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсете отырып, жаңа мамандықты игеріп, қайта даярлықтан өтуге ықыласты азаматтарды жұмыспен қамту қажеттілігі айтылған. Осы жерде ерекше бір атап айтарлығы – тек қана мүмкіндігі шектеулі адамдарға, яғни, шынымен нақты жұмыс істей алмайтындар ғана мемлекет тарапынан жәрдемақы алуы тиіс екендігі, ең алдымен жұмыс берушілер жұмысқа мүгедектерді алып, оларға барынша көмек көрсетіп көтермелеу керектігі айтылған. Міне, мұның бәрі де халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын жұмыспен қамтып, мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс беріп, олардың тұрмысының түзелуіне оң ықпал ететін жаңа бағыттар.

Өткен жылы халықты жұмыспен қамту бағытында қала көлемінде жоспарлы жұмыстар жүзеге асты. Жұмыссыз азаматтарды мамандығына қарай қайта даярлықтан өткізіп, олардың жұмысқа орналасуына көмек көрсетілді. «Жұмыспен қамту-2020» және бағдарламалары шеңберінде жұмыссыз азаматтар жұмысқа орналасып, кейбір кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы азаматтар кәсіпкерлік курстардан өтіп, шағын несиелер алып, кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасалды.

– Жаңа Жолдауды насихаттауда қандай іс-шаралар  жоспарлануда?

– Бұдан он бес жыл бұрын Н.Назарбаев Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын жасаған болатын. Қазіргі қоғам, әлеуметтік-экономикалық жағдай сол стратегияның дұрыс жасалғанын дәлелдеді. Тіпті 2030 жылға дейінгі алға қойылған бірқатар жоспарлар мен міндеттер мерзімінен бұрын орындалды. Ал, бүгінгі заман жаңа бағдарламаларды, жаңа бағыттарды талап етіп отыр.

Міне, сол жаңа бағыттар мен бағдарламаларды елге жеткізіп, насихаттауда қаламызда 5 ақпараттық-насихат тобы жұмыс істеп келеді. Оларды қала әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары басқарады. Топ құрамына депутаттар мен зиялы қауым өкілдері, «Қазақмыс» корпорациясының жетекші мамандары тартылған. Осы топтар алдын ала жасалған жоспар бойынша мекемелер мен ұжымдарда, өндіріс орындары мен кәсіпкерлер асасында жиі болып, Жолдау жүктеген міндеттерді елге түсіндіріп, оларды жүзеге асыруға жұмылдыру мақсатында жұмыс істейтін болады. Мұның сыртында дөңгелек столдар, интернет-конференциялар, пікір алмасулар өткізу де жоспарланып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.