Діни ахуал сөз болды

Ел тұтастығы мен татулығына сызат түсіріп, бір тұтас бірлігі бекем мұсылман бауырлардың арасында алауыздық тұтатып, діннің атын жамылып, жастарды тура жолдан тайдырып жүрген ағымдардың қатары бой көрсетуде. Бұл мәселе жалпы қоғамның бас ауруына айналып отыр. Бізге осы мәселені түбегейлі  шешуде қайтпек керек?  Қайтсек жалған ағымның жетегінде кеткен қаншама қазақтың қара көздерін шығара аламыз?

Осы мәселелерді Елбасы Н.Ә.Назарбаев желтоқсан айында Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан-2050 стратегиясы» – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында  назардан тыс қалдырмады. «Біз – мұсылманбыз, оның ішінде – Әбу-Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысады.  Біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістер мен қақтығыстарды еңсерудің жаңа сенімді тетіктерін жасауымыз керек. Дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс-әрекеттерін қатаң түрде тыйып отыру қажет. Біз қоғамда, әсіресе,  жастар арасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейтуіміз керек» деген болатын Жолдауында Елбасы.

Шын мәнінде қоғамда үрей тудырып отырған өзге ағымдардың насихат жұмыстары бой алып кетпеу үшін жұдырықтай жұмылып әрекет жасауымыз қажет.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған ақпараттық-насихат тобы да осы мақсатты көздеп жақында Жезқазған және Сәтбаев қалаларында кездесу өткізді.

Діни ахуал сөз болған жиынға «Нұр-Мүбәрак» университетінің оқытушысы Рақымжан Әкімбеков, Алматы қаласы орталық мешітінің наиб имамы Ерсін Әміре, ҚМДБ Жезқазған аймағы бойынша өкіл имамы Қондыбай қажы Әкбаров  қатысты.

Қаланың жасы мен жасамысын бір мәселе төңірегіне топтастырып, тура жолдан айнымауға шақырған жиынды қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева ашып, жүргізіп отырды.

– Бүгінде діннің атын жамылып, елдің арасында іріткі салушы әртүрлі топ құрылып, жастардың санасын улауда. Біздің ата-дәстүрімізді жоққа шығарып, ұлттық санамыздан айыруды мақсат еткен топтарға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Бұл мәселе тек дінбасыларының немесе мешіт имамдарының ғана басы ауыратын мәселе емес, жалпыға ортақ мәселе. Имандылыққа бет бұрамын деп ниет еткен әр мұсылман әуелі мешіттегі сауат ашу курстарынан дәріс алғаны жөн. Біздің ата-дәстүрімізбен астасып жатқан мазһаб біреу ғана. Ол – Әбу-Ханифа мазһабы.  Біз осы мазһабтың шеңберінен шықпауымыз керек. Біреудің азғырғанына көніп, сырттан келген діни ағымдарға бүгін шектеу қоймасақ, ертеңгі күн қолымызды мезгілінен кеш сермегеніміз болады. Еліміз бойынша бірнеше экстремизмдік топтардың жолы кесіліп жатыр. Алайда, үгіт-насихаттың күштілігі соншалық, жастардың өзге діни ағымдарда бой көрсетуі тыйылар емес. Ертеңін ойлаған елдің діні тұрақты, бірлігі бекем болуы қажет, – деген Рақымжан Әкімжанов бүгінгі таңда үгіт-насихат жүргізіп жатқан сәлафилік ағымдардың іс-әрекеттері жайында ақпарат берді. – Дін, тіл, діл үшеуі астаса келе, ұлттың ортақ бір қасиетін көрсетеді. Егер де қайсы бір ел осы үш қасиеттің бірінен айырылса, елдің әлсіреуіне алып келеді. Қазіргі қоғамда дін мәселесі өткір де өзекті тақырыпқа айналды. Жастарымыз еліктеудің, арандатушылықтың соңына түсіп, ата дәстүрінен теріс айналуда. Бірлік пен татулықты ұйыта ұстап отырған қазақ елінің тыныштығын бұзуды көздейтін мұндай ағымдарға қарсы қауқарлы күш қажет. Әсіресе, жастарды осы бағыттан аластатудың бүгінгі күні өзектілігі артып отыр.  «Жас шыбықты қалай исең, солай бой түзейді» деген халық даналығы бар. Қазақ жастарының санасына уытты уағыздарын жүргізіп келе жатқан секталарға қоғам болып дерттің ортақ емін табуымыз қажет. Біз енді осы бағытта жұмыс жасауымыз қажет, – деді  Ерсін Әмір.

Осы мәселе төңірегінде Қондыбай қажы Әкбаров та өз ой-пікірін ортаға салды.

Кездесуге қатысқандар ненің ақ, ненің қара екенін ашып айтқан жиыннан мол тағылым алып қайтты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.