Банк ұжымы сыйлаған мереке

Іргесі 1923 жылы қазан айында Ақтөбе қаласында қаланған «Қазақстан Халық Банкі» бүгінгі таңда еліміздегі аса ірі әмбебап коммерциялық банк болып саналады. Сонау нәубет жылдарында да, тоқырау жылдарында да қаржы жүйесінде өз орнын сақтап қалған бұл банкке биыл 90 жыл толып отыр.

Өз тұтынушыларының игілігі үшін жемісті еңбек етіп келе жатқан Банк – сенімді әрі көпсалалы қаржылық құрылым. Іргелі Банк қазіргі күні Ресей, Грузия және Қырғызстан сынды мемлекеттерде қаржылық операцияларын жүзеге асырып келеді.

Халыққа қызмет пен қайырымдылықты егіз көретін бұл Банк ұжымы қандай да болмасын іс-шаралардың ортасынан табыла кетеді. Банктің торқалы тойында республика көлемінде жыл бойына әртүрлі іс-шаралар өткізілмек.

Он тоғызыншы қаңтар күні республика көлемінде тұрғындарға арнап мұз айдындарында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл игілікті шарадан Халық Банктің Жезқазған аймағы бойынша филиалы да тыс қалмады.

Бұл күні Банктің ұйытқы болуымен Жезқазған және Сәтбаев қалаларының оқушылары, Банк тұтынушылары мен қос қаланың «Мерей» және «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері, қалың көпшілік қаламыздағы мұз айдынында бір күн тегін коньки тебу мүмкіндігін алды.

Спорттық сауықтыру кешенінің мұз айдынында 90 жылдықты мерекелеу салтанатты жағдайда ашылды.

Бұл іс-шараға Сәтбаев қаласы әкім аппаратының жетекшісі Алмаз Нысанбаев, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Аханов, Халық Банктің Жезқазған аймағы бойынша филиалының бастығы, қаржыгер Марфуға Мусина, «Нұр Отан» ХДП Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова қатысты.

М.Мусина сөз алып, банктің тұтынушыларына көрсетіп отырған қызметтерін атап өтті. Банк ұжымын тор-қалы тойларымен Б.Аханов, А.Нысанбаев, Г.Қаженова құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

Жиналған көпшілік мұз айдынында жаттығып жүрген бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпаздары Жасұлан Мәжікенов, Дарья Кривошеяның өнерлеріне тәнті болды. Марфуға Қасабекқызы қос мәнерлеп сырғанаушыларға қадамдарың сәтті болсын деп, ақшалай сыйлық тапсырды.

Қос қаланың жасы мен үлкеніне мереке сыйлап, мұз айдынына бір күн тегін кіруге мүмкіндік тудырған Банктің Жезқазған аймағы бойынша филиалына сәтбаевтықтардың алғысы шексіз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.