Зардабы зор

Келесі болып бас сұққанымыз қалалық емханаға қарасты жедел жәрдем бөлімі болды. Бізді қарсы алған бөлімнің аға дәрігері Ханиса Оспанбекова қаланың ахуалы жайлы құлағдар етті.

– Жыл сайын күз мезгілінің басталуымен тұмаудың өршуі қатар келеді. Тұмаудың ауа арқылы жұғатыны баршаға мәлім. Бұл сырқатты жыл сайын халықтың 5-15 пайызы, ал жабық ұжымдарда тіпті 60 пайызы жұқтырады. Оны кейбіреулер елемей, жүрдім-бардым емделеді, алайда, ол өте қауіпті сырқатқа жатады.

Биыл тұмау әзірге тіркеле қойған жоқ. Бірақ, жедел-респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандардың қатары артып келеді. Оны жедел жәрдемге соққан қоңыраулардан айқын аңғаруға болады. Соңғы кездері суық тиіп ауырып жатқандықтарын айтып шағымданғандардан түсетін қоңырау 110-120-ға дейін жетті. Желтоқсан айында мұндай қоңыраулар аз болатын. Оған ауа райының аязды болуы әсер етсе керек. Қазір күн жылымық болып тұр. Бұл – сырқатты қоздырудың бірден бір жолы, – дейді аға дәрігер.

Осы орайлы сәтті пайдаланған дәрігер сырқаттарға өз тарапынан кеңестер де бере кетті. Негізінен, сырқаттанған жағдайда, науқас дәрігерге қаралып, тағайындалған дәрі-дәрмекті ішіп, үйде жатып тиянақты емделуі қажет. Тұмау, әсіресе, балалар, қарттар, жүкті әйелдер, бүйрегі, жүрегі ауыратын, қант диабеті бар адамдар үшін өте қауіпті, өйткені ол түрлі асқынулар, соның ішінде өкпе қабынуын да тудырады.

Тұмау індеті кезінде тұрғындардың жартысына дейіні осы ауруға шалдығады, олардың ішінде жүкті әйелдер де бар. Жүкті әйелдер үшін бұл қауіпті. Ол жүктіліктің қалыпты өтуіне, шарананың дұрыс дамуына қауіп төндіреді. Жүкті әйелдерді емдеу қиын, өйткені жатырдағы балаға кері әсер ететіндіктен, бұл кезде дәрі-дәрмек ішуге болмайды. Жүктілік кезінде әйел ағзасы мүлде өзгереді, ағза қандай да бір дәрежеде әлсірейді. Жүктіліктің алғашқы үш айында әйел арқылы ұрыққа вирус жұққан жағдайда, сәбиде даму ақаулары болуы, жүктіліктің дамымай қалуы, әйелдің түсік тастауы мүмкін. Вирус жүктіліктің алғашқы үш айынан кейін жұққан жағдайда, ұрық дамуының жатырішілік кешеуілдеуі және оның инфекциямен зақымдалуы орын алады. Әйелдегі тұмау қаншалықты ауыр өтсе, оның ұрыққа тигізер зардабы да соншалықты ауыр.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.