Асқындырып алмаңыз…

Бұдан соң біз орталық аурухананың инфекциялық бөлімінде болып, ондағы ахуалмен де таныстық. Инфекциялық бөлімде жатқан адамдардың дені ЖРВИ-ге шалдыққандар болып шықты.

– Желтоқсан айындағыдай емес, қаңтар айы басталғалы біздің бөлімге түсіп жатқан сырқаттардың саны күрт артып кетті. Қазір инфекциялық бөлімде жатқандардың басым бөлігі жедел-респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттанғандар. Олардың қатарында осы сырқаттың салдарынан бұрынғы созылмалы ауруларын асқындырып алғандар да бар. Өткен айдағы күннің қақаған аязы тұмау ауруының таралмауына себеп болды. Дегенмен, «Сақтансаң – сақтайды». Әркім өз денсаулығына салғырт қарамай, жылы киініп, өзін күтіп жүргені абзал. Ауырып емін іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік, – дейді инфекциялық бөлімнің меңгерушісі Орынбек Төлбасиев.

Бұл ауруға шалдыққанда көбіне аса мән бермей, «әншейін тұмау ғой» деп жеңіл қарауға болмайды. Ол асқынып кетсе, тыныс жолын, жүйке жүйесін, қан тамырларын, жүректі ауруға шалдықтырады. Тұмауды қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға таратады. Сондай-ақ, бұл вирус науқастың ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы және сол секілді басқа да нәрселері арқылы жұғып, тез тарайды. Бір мезгілде бір ауыл, өлке, тіпті бүкіл жер жүзі адамдарының жаппай ауруы мүмкін. Бір ауырған адам бір-екі жылға дейін тұмаумен қайтып ауырмайды, дейді маман-дәрігер.

Мамандардың айтуынша, кейде адамға суық тиіп, тыныс жолының жоғарғы бөліктері қабынып, оның тұмауға ұқсауы да мүмкін. Бірақ, бұл тұмау емес. Ол салқын тигенде мұрын, көмей, жұтқыншақтарды жайлайтын басқа микробтардың әрекеті. Тұмау вирусы күн сәулесіне және зарарсыздандырғыштар (хлор, қышқылдар, спирт және т.б.) әсерінен тез жойылады. Сондықтан бөлмелеріңіздің ауасын тазартып, жиі зарарсыздандырып отыру керек.

Тұмау басталғанда адамның денесі дел-сал болып, көңіл-күйі нашарлайды және тағамға тәбеті соқпайды. Бір-екі күннен кейін дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, бұлшық еттері сыздап, буын-буыны сырқырайды, мұрны бітеді, дауысы қарлығып, жөтеледі, тамағы қызарып, жұтынғанда ауырады, көзі қызарып жасаурайды. Мұндайда дереу дәрігерге көрініп, емделсе, үш-бес күнде дене қызуы төмендеп, сауыға бастайды.

Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен жапқаны жөн. Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы, т.б. заттары болуы және олар жиі қайнатылып, жуылуы тиіс.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.