Абайлаңыз, тұмау!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халына кезекті Жолдауында профилактикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құралға айналуы тиіс. Сондықтан халықпен ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жүргізуге баса ден қою негізгі басымдықтардың бірі деп айқын атап көрсетті. Осы мақсатта біз газетімізден «Шипагер» айдарымен денсаулық бетін ашып отырмыз. Осы арнаулы бет арқылы түрлі сырқаттардың алдын алу жолдары мен дәрігерлердің кеңесі жарық көретін болады. Беттің қызықты да тартымды, тақырыптық мазмұны бай болып шығуына оқырмандарымыз да үлес қосады деген үміттеміз. Сонымен, «Шипагердің» алғашқы беті қолдарыңызға тиіп отыр. Мұнда әңгімемізге тұмау арқау болды.

Біздің қазақ тұмауға селқос қарайтын халық. Оның салдары басқа сырқаттарын қоздыратынын да ескере бермейді. Осы мақсатта біз аталмыш кеселден елді сақтандыру мақсатында бірнеше медицина мекемелерінде болып, сырқаттың себебі мен салдары туралы мағлұматтар жинаған едік. Алғашқы болып табалдырығын аттағанымыз қаламыздағы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы болды. Ондағы мәліметтерге сүйенер болсақ, өткен жылмен салыстырғанда биыл қалада тұмау ауруына шалдыққандар саны жоқ. Ал, өткен жылы 2166 адам жедел-респираторлық аурумен ауырған. Оның 1206-сы 14 жасқа дейінгі балалар. Десек те, қаланың 2012 жылғы ахуалы 2011 жылмен салыстырғанда көп жақсы болып отыр. Мәселен, 2011 жылы 3227 адам жедел-респираторлық ауруға шалдыққан. 2012 жылы көрсеткіш 1061 адамға азайған.

Тұмау ауруының көбейетін кезі әдетте күз-қыс айлары мен көктемнің басы болып саналады. Бірақ, ЖРВИ биыл кеш байқалып отырған сыңайлы. Оған желтоқсан айының қатты аязды болуы себеп болса керек.

– Солай екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Біздің пайымдауымызша, қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында жедел-респираторлық вирустық инфекция белең алуы мүмкін. Аурудың тез таралуына ауа-райының әсері зор. Өздеріңіз білетіндей, жылымық күндері микро-ағзалар өміршең келеді және тез таралады. Күн аяздағалы бері тұмауға шалдығушылардың саны да азайды. Соңғы апталарда күн райы жылымық болып, халық сақтықты ұмыта бастағандай. Жоғарыда айтып өткенімдей, алдағы айларда тағы да аурудың үдей түсуі мүмкін. Сондықтан әр адам абай болуы керек, – дейді қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау басқармасының бастығы Мұқан Аманжолов.

Мамандардың айтуынша, тұмаудың алдын алудың бірнеше жолы бар. Олар: егу, дәрі-дәрмек қолдану, халық емі. Соның ішінде ең тиімдісі тұмауға қарсы вакцина болып табылады. Вакцина тұмауға қарсы ерекше иммунитет тудырады, нәтиже болуы үшін 1-2 рет егу қажет, материалдық шығыны аз, тиімділігі жоғары, теріс әсерлері төмен, қарсы көрсетілімі жоқ десе болады, сәбилерге де (6 айдан бастап) қолдануға болады. Биыл қала бойынша 7228 адам тұмау ауруына қарсы вакцинамен егілген. Олардың – 2628-і ақылы негізде егілген. Жалпы қаламызға облыстық бюджет есебінен 4650 вакцинация дозасы бөлінген екен. Осы вакцинамен 1307 бала, 291 жеткіншектер, яғни, халықтың аз қамтылған бөлігі тегін егілді. Мұның сыртанда жабық мекемелердің 300 адамы мен 1300 медицина мамандары егіліпті.

Вакцинациялау кезеңі күз айларында ғана жүргізілген. Қазір мұндай жұмыстар тоқтатылыпты. Бірақ, дәрігердің нұсқауы бойынша егілуді қажет ететіндерге мүмкіндік бар.

– Қазір біз медициналық мекемелер мен мектепке дейінгі мекемелер мен орта білім беретін оқу орындарының жылу температурасын үнемі бақылауға алып отырмыз. Мұның сыртында емдеу орындарындағы сырқаттардың сараптамасын да үнемі жасап, саралап отыруды назарда ұстаудамыз, – дейді Мұқан Сәдірұлы.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.