Партиялық бақылау орнатылады

Өткен апта соңында «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы биылғы жылдың алғашқы отырысын өткізді. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев төрағалық еткен жиынға бақылау комиссиясының мүшелері, қалалық мәслихаттың депутаттары және қаралатын мәселеге қатысты мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Партиялық бақылау комиссиясының жұмыс жоспары туралы» негізгі баяндаманы «Нұр Отан» ХДП СФ төрағасының орынбасары, Партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Н.Наурызбаев жасап, 2013 жылға жасалған жоспармен таныстырды.

Комиссияда қаралған басты да өткір мәселе – «Азық-түліктің негізгі түрлеріне бағаны тұрақтандыру туралы» болды. Осыған орай Сәтбаев қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы А.Әбілқасымов мәлімет берді.

Жыл бойына бұл мәселемен арнайы құрылған 6 топ айналысып, жұмыс істеген. Қала бойынша бағаның негізсіз өсуіне жол берілген жоқ, әлеуметтік нанның бағасы тұрақты, яғни 45 теңгеден аспады, алдағы уақытқа ұнның артық қоры жиналған. Әлеуметтік маңызды деген нан, тұз, қант, күнбағыс майы сияқты тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында қала кәсіпорындары басшыларымен келісім-шарттар жасалынып, міндеттемелерге қол қойылды. Сондай-ақ, жеміс-жидек, ет өнімдерін сатып алу үшін қалалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Тұрғындарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жыл бойына сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілуде. Қаладағы сауда орындарымен салыстырғанда жәрмеңке бағасы 15-20 пайыздай төмен.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – «Мемлекеттік сатып алу саласына партиялық бақылау орнату» туралы Сәтбаев қаласы қаржы бөлімінің бастығы Е.Сакеев хабарлама жасады. Бұл да өзекті деген мәселелер қатарында болып келеді. Мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізуде туындайтын кейбір қиындықтар мен жайсыздықтар жөнінде қалалық мәслихаттың депутаты Ж.Күнеділов қинала жеткізді. Заңды бұрмалаушылықтар болып қалатынын да жасырмады. Конкурсты өткізу мерзімі, құжаттар дайындау, қатысу жолдары жайында қойылған сұрақтарға Е.Сакеев толық түсінік берді.

Биылғы жылы бюджеттік бағдарламалар администраторлары тарапынан 32 мемлекеттік сатып алу өткізу жоспарланып отыр. Осы шаралардың ашық және әділ өтуін қадағалау мақсатында «Нұр Отан» ХДП өкілдерін конкурстық комиссия құрамына бақылаушы ретінде енгізу жөнінде ұсыныс берілді.

Отырысты қорытындылай келе комиссия мүшелері азық-түлік тауарларының негізсіз өсуіне жол бермеу, ол үшін партиялық бақылау бекетінің жұмысын күшейту, уәкілетті мемлекеттік мекемелермен бірлесіп сауда орындарына рейд жасау, кәсіпкерлермен жиі кездесу өткізу керек деген түйінге келді. Сондай-ақ, соңғы жылдары сөз жүзінде қалып отырған коммуналдық базар ашу мәселесін қолға алуды, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілуіне байланысты партиялық бақылау бекеттерінің мүшелеріне бекітілген мекемелеріне сәйкес осы конкурстардың заң талабына сай өткізілуін қадағалау тапсырылды.

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.