Жұмылып жұдырық болсақ, мақсат орындалады

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ұзақмерзімді Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау іс-шаралары республика көлемінде жүзеге асуда. Біздің қалада да арнайы құрылған топ мүшелері мемлекеттік мекемелер мен өндіріс, кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп, Жолдаудың маңыздылығын түсіндіруде. Осындай насихат жұмысы «Сарыарқа Нан» АҚ-ның ұжымымен өтті.

Қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева төрағалық еткен кездесуге топтың мүшелері – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Талиға Қапарова, технологиялық колледждің тарих пәнінің оқытушысы Гүлзада Оралбаева қатысты.

Марал Сағынайқызы Қазақстан мемлекетінің алғашқы қалыптасу жылдарында жолданған «Қазақстан-2030» ұзақмерзімді старатегиясының заңды жалғасы болып табылатын бұл Жолдауда ел дамуына тікелей қатысы бар мәселелердің қамтылғанын баса айтты.

– Ішкі, сыртқы саясатымызды безбендеп, тарихқа шолу жасап, ертеңгі күніміздің жарқын бейнесін қалыптастырған бұл Жолдауда Елбасы жаһандық қауіп төндіретін мәселелердің түйінін бүгіннен бастап шешуді қажет ететінін атап көрсетті. Қалыптасқан экономикасы, сараланған саясаты бар жас мемлекеттің алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Біз және біздің ұрпақтарымыз осы мақсат-міндеттердің жүзеге асу жолында жұмыла еңбек етуіміз қажет. Сонда қазақ елі көздеп отырған 30 мемлекеттің қатарынан орын алады. Жұмылып жұдырық болсақ, мақсат орындалады, – деді сөзін түйіндей келе Г.Оралбаева (суретте).

Әлеуметтік сала бойынша Жолдаудан туындап отырған міндеттер мен олардың қаламыз бойынша жүзеге қалай асып жатқандығы жөнінде Т.Қапарова ақпарат берді.

Кездесу соңында М.Мәдиева бүгінде 85 адамды жұмыспен қамтып, қаланың экономикасына үлес қосып отырған кәсіпорын ұжымының еңбегіне табыс тіледі.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.