Жолдау жүктеген міндет

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» атты Жолдауында көрсетілген он негізгі сын-қатердің төртіншісі – су тапшылығы. «Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда» дейді Елбасы.

Осы орайда кеншілер қаласындағы ауызсудың сапасы мен санитарлық жағдайына бір оралуды жөн көрдік.

Сәтбаев қаласында халықты сумен қамтамасыз ету орталықтандырылған. Ауызсу көзі болып Есқұла жерасты және Кеңгір ашық су қоймасы саналады. Осы жерлерден ауыз су магистральді желілер арқылы екінші және үшінші көтерілімдегі насос станцияларына құйылады. Бұл станцияларда судың шығынын, деңгейін өлшейтін және тазартатын қондырғылар жоқ болғандықтан ауызсу алдымен хлорландырылудан өтеді.

Сәтбаев қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы Г.Жалмурзинадан алған мәліметтерге сүйенсек, Сәтбаев тұрғындарының пайдаланып отырған суының 95 пайызы Есқұладан, 5 пайызы екінші насостан, яғни Кеңгірден келеді. Жезқазған кенті мен Геологиялық барлау поселкесі тұрғындары 100% Есқұланың суын ішіп отыр. Весовая елді мекеніне судың 40-60 пайызы Есқұладан келеді. Ал, Крестовский елді мекені 100% – Кеңгірдің суын ішіп отыр.

Судың сапасына келер болсақ, Есқұла суы санитарлық талаптарға 100% сай, ал, Кеңгір суының кермектігі талаптан көп. Бір литр судың кермектігі норма бойынша 7-10 мг – экв болса, Кеңгір суы бұл шамадан көп, яғни 12,8-12,9 мг – экв көрсетеді. Бір қуанарлығы, санитарлық-бактериологиялық көрсеткіштер бойынша суымыз талапқа сай екен.

«Бізде елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озық технологияларын енгізу қажет» деп Елбасы міндеттеп отырса, бұл міндеттердің біздің қаламызға да тікелей қатысы бар екені сөзсіз.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.