Жастар үн қосуда

Президентіміз Н.Назарбаев арада он бес жыл салып, қарышты қадамммен алға ұмтылған жас мемлекеттің алдағы мерзімдерде даму деңгейін айқындаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жария етті.

Елбасы қай Жолдауында болмасын жастардың болашағын назарынан тыс қалдырған емес.

Еліміздің 2050 жылы қай салада болмасын жетістіктерге қол жеткізіп, қызығын көретін бүгінгі жастар екені даусыз. Барлық бағыттардың жүзеге асырылуына да осы жастар күш-жігерлерін салады деп сенім артып отыр Елбасы жастарға.

Жолдауда көтерілген мәселелердің жүзеге асуына өз үлесімізді қоссақ дейтін кенді қаланың жастары да жаңа саяси құжатқа үн қосуда.

Жақында «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Денсаулық» медициналық колледжінде «Біз» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Жолдауды жастар арасында насихаттауға бағытталған жиында аталмыш колледж бен технологиялық колледждің студенттері, №3 кәсіби лицейдің оқушылары бас қосты.

Стратегиялық құжаттың басым бағыттарын жастармен талқылауға «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасарлары А.Төлендина, Н.Наурызбаев қатысты. Айгүл Қосманқызы өзекті деген әр бағытқа тоқталып, әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.

«Денсаулық» колледжінің директоры Сәбира Тоқтыбаева Жолдаудағы басты бағыт – денсаулық саласына деген Елбасының қамқорлығы сенім ұялатып, осы бағытта жастарға берілетін білімнің іс жүзінде тәжірибемен ұштасу керектігін тілге тиек етті.

Нұрлыбай Наурызбаев жиын барысында жастарды «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі «Жастар – Отанға» атты Стратегиялық бағдарламасымен таныстыра келе, Жолдауда көтерілген тіл, дін, жастардың қоғамдағы рөлі сынды мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады.

Дөңгелек үстел барысында жиналған жастар да өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.