Сот жылды қорытты

Қарағанды облыстық соты төрағасының «Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты нығайту» жөніндегі өкіміне сәйкес, Сәтбаев қалалық сотында баспасөз конференциясы өтті. Қалалық соттың судьялары мен жергілікті БАҚ өкілдері алдында сот төрағасы Р.Мұқатаев өткен жылы Сәтбаев қалалық сотында қаралған азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істердің қорытындысын жариялады.

– Қазіргі уақытта халықтың сот жүйесіне деген сенімі нығайып келеді. Олар өз құқығын заң арқылы, тек сот жүйесі арқылы қорғай алатынына көздері жетті. Оны жылдан-жылға талап-арыздар мен өтініштер санының өсуінен көруге болады.

Осы мерзімде Сәтбаев қалалық сот өндірісіне қаралуға 1929 талап-арыздар, сот бұйрығын шығару туралы арыздар, мемлекет қызметкерлерінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдар және өтініштер түсті. Сотта барлығы 1746 азаматтық іс қозғалды. 1305 іс бойынша шешім шығарылып, ҚР АІЖК-нің 277 бабына сәйкес 5 азаматтық іс бойынша ұйғарым шығарылды.

Сот бұйрығын шығарту туралы арыздар 25% жоғарылады.

2012 жылдың 12 айында сот өндірісінде 1952 азаматтық іс болды, оның 1728 ісі аяқталды, яғни қаралудағы істердің 88,5%, – деді Руслан Қалиақбарұлы.

Одан әрі сот төрағасы қалалық соттың жұмысын тиісінше ұйымдастыруда сот төрағасымен БАҚ-мен жұмыс жасау, сот судьялары мен мамандары арасында семинарлық сабақтар өткізу, жемқорлық белгілерінің алдын-алу және мемлекеттік тілді дамыту мақсатында 2013 жылдың І жартыжылдығына жасалған жұмыс жоспарымен таныстырды.

Сондай-ақ, Р.Мұқатаев 2012 жылдың 12 айында сот жұмысындағы жеткен жетістіктерге де тоқталды. Сәтбаев қалалық соты облыс бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынас орнатуда өткізілген рейтингтің қорытындысы бойынша бірінші орында тұрғанын жеткізді.

Баспасөз конференциясын аяқтай келе, Р.Мұқатаев қалалық сотта атқарылып жатқан іс-шараларды халыққа жеткізуде атсалысып жүрген жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғысын білдірді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.