Билікпен кездесу

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес биылғы жылдан бастап орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар басшылары жастармен кездесу ұйымдастыруда. Осындай кездесу жақында Сәтбаев қаласы әкімі аппаратының басшысы Алмаз Нысанбаевпен өтіп, оған технологиялық колледждің студенттері мен қала мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

«Мемлекеттік қызмет туралы» тақырыбында өткен кездесудің басты мақсаты жастардың арасында мемлекеттік қызметтің маңыздылығын түсіндіру болды.

Осыған орай, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы» атты баяндаманы әкім аппаратының кадрлық жұмыстар жөніндегі бас маманы Ботагөз Нұрмағамбетова оқыды.

– Заң жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет тиімділігін, кадр іріктеу жүйесіне халықтың сенімділік деңгейін, мемлекеттік қызметкерлердің кәсібилігін арттыру және оның құрылымына, қызметіне және мемлекеттік қызметшілерді бағалау жүйесіне жаңа тетіктер енгізу болып табылады. Аталмыш заң жобасы негізінен мекеме басшыларының жауапкершілігін көтеруге, мемлекеттік қызметкерлердің мүддесін қорғауға, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын, сонымен қатар, қызметтік этиканың сақталуын бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған, – деді баяндамашы.

Кездесу барысында қатысушылар заң жобасына байланысты туындаған сұрақтарын қойып, қаланың әлеуметтік дамуына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жастар бастамашылдығы орталығының директоры Жанар Алгаринованың айтуынша, мұндай кездесулер ай сайын өткізілмек.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.