Атқарылған жұмыстар сараланды

Өткен жұма күні Жезқазған поселкесінің әкімі Асылхан Сәдуақасов №10 орта мектептің мәжіліс залында Весовая, Крестовский, Перевалка елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар жайлы есеп беріп, алда тұрған жоспарлармен таныстырды. Жиынға Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Нұрланов, қалалық мекеме, ұжым басшылары қатысты. Жиынды Жезқазған поселкесінің әкімі Асылхан Сәдуақасов ашып, баяндама жасады.

– Весовая, Крестовский, Перевалка елді мекендері мен Сәтбаев ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы үнемі біздің назарымызда. Осы мақсатта мүмкіндігінше жұртшылықпен жиі жүздесіп, атқарылған жұмыстарды саралап, алда тұрған ауқымды істерді бірлесе ақылдасып шешуге тырысамыз. Бүгінде осындай оймен өздеріңізбен кездесіп отырмыз, – деп бастаған поселке әкімі өз баяндамасында есепті мерзім аралығында атқарылған жұмыстар жайлы кеңінен әңгімеледі.

Әкімнің айтуынша, өткен жылы елді мекендерді сәулеттендіру, жарықтандыру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қысқа әзірлік жұмыстары барысында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар бар. Мәселен, жазғы уақытта қалалық жылумен, сумен жабдықтау мекемесінің күшімен елді мекендердегі 1078,07 метр су құбырлары мен 22 метр кәріз желісі ауыстырылып, 76 үйдің жылу және су құбырларына жөндеу жүргізіліп, 3 үйдің суық су, 3 үйдің ыстық су құбырлары күрделі жөндеуден өткен. Весовая, Крестовский, Перевалка елді мекендеріне жылу беретін №2 (ЮЗК) қазандықтың 3 су қазандығы мен 2 бу қазандығына жөндеу жүргізіліп, бүгінде жылу тұрақты беріліп тұр. Қазір мұнда көмірдің 183884 тонна, мазуттың 1344,9 тонна қоры бар.

Елді мекендерді жарықтандыру мақсатында Фрунзе мен Жұбанов көшелеріне қосымша трансформаторлар орнатылған.

Көшелерді сәулеттендіру, абаттандыру жұмыстары да ойдағыдай жүргізіліп келеді. Қазір елді мекен №16 және №17 шағынауданға бөлінген. Оның біріне шахтапроходкалау тресі, біріне теміржол кәсіпорыны жетекшілік етеді. Олар көктемгі және күзгі тазалық айлықтары мен сенбіліктерде аулалардағы күл-қоқыстарды тасуға адам күшімен қоса техника да бөліп отырады.

«Моноқалаларды дамыту», «Жұмыспен қамту – 2020» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың шапағаты Весовая, Крестовский, Перевалка елді мекендері мен Сәтбаев ауылының тұрғындарына да тиіп отыр. Осы бағдарламалардың арқасында аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып, жұмыссыздар жұмысқа тартылып, кәсіппен айналысқысы келетіндерге жағдай жасалуда. Елді мекендердің келбеті де жақсарып, аулалар абаттанып жатыр, – деді поселке әкімі өз баяндамасында.

Сөзінің жаны бар. Соңғы кездері әлеуеті төмен деп танылған Крестовский елді мекені мен Сәтбаев ауылынан тұрғындар кеншілер қаласына қоныс аударылып, тұрақты жұмыспен қамтылды. Нақтырақ айтар болсақ, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының аясында Крестовский елді мекенінен бір адам токарлық мамандық бойынша қайта даярлаудан өтіп, арнайы сертификат алып, жұмысқа орналасқан. Осы елді мекеннің екі тұрғыны шағын несие алса, екі тұрғыны кәсіпкерлік негіздері жөнінен арнайы курстан өтіп, өз істерін ашқан. Ал, 4 тұрғын қалаға қоныс аударып, оларға жұмыс берілген.

Көшені абаттандыру мақсатында Весовая елді мекеніндегі үлкен алаң Киров көшесіндегі 31-35 үйлердің ауласына балалардың бірінші санаттағы ойын алаңы орнатылып, Шәкәрім көшесіне жасанды жасыл желегі бар футбол алаңы қойылған. Осы көшелерде балалар алаңдары жабдықталған.

– Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Биылдың өзінде елді мекендерді көгалдандыру, сәулеттендіру, жарықтандыру мен санитарлық тазалық жұмыстары үшін қыруар қаржы бөлініп отыр. Біз соны игеру мақсатында жұмыс жасайтын боламыз, – дей келіп, әкім алда тұрған жұмыстардың да жай-жапсарын баяндап өтті.

Оның айтуынша, үстіміздегі жылы №10 мектептің маңына балалардың бірінші санатты ойын алаңы орнатылмақ. Сондай-ақ, Киров, Нүрпейісова көшелеріне күл-қоқыс салатын жаңа контейнерлер қойылып, елді мекендегі 600 метр тоқ желісі ауыстырылып, қосымша екі фотореле орнатылып, көше шамдары қуат үнемдегіш шамдармен алмастырылатын болады. Поселке әкімі бұл жұмыстардың үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында басталатынын айтты.

Әкімнің баяндамасынан соң тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын ортаға тастады. Олардың бірін қаңғыбас иттер алаңдатса, енді бірі көшелердегі кәріз желілері мен көп қабатты үйлердің төбелеріндегі желдеткіштердің шойын қақпақтарының қолды болып жатқанын айтып, шара қолдануды сұрады. Жиында көшелерді жарықтандыру мен көп қабатты үйлердің шатырын жөндеуге қатысты да сұрақтар аз болған жоқ.

Тұрғындарды толғандырған мәселелерге қатысты қалалық тиісті мекемелердің басшылары жауап берді. Мәселен, қаңғыбас иттерге қатысты қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Амантай Әбілқасымов қазір қалада бос жүрген қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарының жүріп жатқанын, олардың бұл елді мекендерге де келетінін айтса, қалалық тұрғын үй-коммуналдық мекемесі мен тұрғын үй-коммуналдық цехтың мамандары көп қабатты тұрғын үйлердің шатырлары алдын ала жасалған кесте бойынша жүргізілетінін айтты. Ал, қақпақтарға қатысты учаскелік полиция инспекторлары жұмыс жасап жатыр. Олар темір-терсек қабылдайтын орындарға рейд жүргізіп, мұндай келеңсіздіктің алдын алатын болады.

Тұрғындармен болған кездесуді қала әкімінің орынбасары Марат Нұрланов қорытындылап, жиында айтылған жұмыстар мен көпшіліктің сауалдарынан туындаған мәселелердің сөзсіз орындалатынын жеткізді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға ел болып атсалысуға шақырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.