Әлеуметтік өмірмен сабақтас індет

Сыбайлас жемқорлық – қауіпті індет және онымен күрес еліміздің әрбір азаматының басты міндеті болып табылады. Ол мемлекетіміздің нарықтық экономикасының дамуын тежеп қана қоймай, халықтың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін төмендетеді. Бұл мәселе Сәтбаев қаласы бойынша салық басқармасы тарапынан қалай бақылауға алынып, қандай алдын алу шаралары жүргізілуде. Осы жөнінде Сәтбаев қаласы бойынша салық басқармасы ішкі жұмыс бөлімінің бастығы Ләйлә Аликулова мәлімдейді:

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мекемемізде жұма сайын техникалық дәрістер, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіліп отырады. Бұл шаралар сондай-ақ, салық басқармасы қызметкерлерінің этикалық, моральдық және кәсіби мәдениеттілігі деңгейін көтеруге де бағытталған.

Салық жүйесі қызметін тиімді ету және салық төлеушілер құқықтарының сақталуы мақсатында салық төлеушілермен тікелей жұмыс жасайтын 102, 108-кабинеттерде арнайы жәшіктер қойылған.

Аталған орталықтарда салық қызметкері тарапынан сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында бейнекамералар орнатылған.

Сәтбаев қаласы бойынша салық басқармасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тосқауыл қою бағытында, Облыстық салық департаментінің ведомстволық «Все о налогах» газетінің әрбір номерінде салық басқармасының сенім телефоны жарияланады және Республикамыздың барлық салық органдары үшін әр аптаның бейсенбісі жекелей мәселе бойынша азаматтарды қабылдау күні болып бекітілген. Қаладағы ірі сауда үйлерінде шағым және ұсыныстарды қабылдау үшін жәшіктер орнатылған, салық жүйесінде болып жатқан жаңа өзгерістер туралы жарнамалар арнайы стендтерге ілініп отырады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы атқарылған шаралар тұрғындарға жеткізіліп тұрады. Басқарма ғимаратында да шағымдар мен ұсыныстарға арналған жәшік орнатылған.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабында көрсетілгендей, «заңды түрде бекітілген салықтарды, жинақтарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің парызы және міндеті болып табылады». Алайда, салық төлеу – салық төлеушілердің мемлекет алдындағы борышы екендігін аңғармау пара беруге итермелейтін факторлардың бірі болып қала береді. Сондықтан, салық төлеушілер өз құқықтарымен қатар, міндеттерін де толық және уақытылы орындағаны дұрыс. Себебі жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның міндеті.

Жазып алған Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.