Жаңару стратегиясы

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050 Стратегиясы» – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында салық басқармасында ақпараттық-насихат тобының мүшелері – қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Кауһар Сағындықова мен «Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің редакциясы» ЖШС директоры Бауыржан Бірмановтың қатысуымен кездесу өтті.

Жиынды ашып жүргізген К.Сағындықова Жолдаудың басым бағыттарын жан-жақты талдап, түсіндірді.

– Президент Н.Ә.Назарбаевтың кезекті Жолдауы саяси жаңғырудың стратегиялық құжаты болып отыр. Осыдан он жеті жыл бұрын еңсесін тіктеген елдің бағындырар бағытын көрсеткен «Қазақстан-2030» ұзақмерзімді Жолдауының заңды жалғасы саналатын бұл құжат – алдағы дамуымыздың көкжиегін айқындады.

Жеткен жетістігімізді әлемге паш ете отырып, алар асуымыздың жолындағы мәселелерді шешуге барлық қазақстандықтың бірлігі керектігін атап өтті. Әлеуметтік-саяси, экономикалық салалардың дамуына баса назар аудару қажет екендігін тілге тиек ете отырып, Президент экология, ана мен бала денсаулығы, тіл, дін, жастар мәселесін де назарынан тыс қалдырмады. Алдағы онжылдықта осы салалардың нәтижелі жұмыс көрсеткішін көрсету міндеті тұр. Олай болса, осы міндеттерді орындау үшін жұмыла еңбек ету қажет, – деп сөзін аяқтады баяндамашы.

Кездесу барысында салық басқармасының қызметкерлері Президент Жолдауын бірауыздан қолдайтындықтарын білдіре келе, кенді қаланың, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты өндіріс ошақтары мен кәсіпорындардың келешегі не болмақ деген сауал төңірегінде әңгіме қозғады.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.