Білікті маман – білімді ұрпақ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының төртінші бағыты «Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары» деп аталады. Осыған орай, қаладағы білім ошақтарының педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етілуі және олардың біліктілігі жайлы мәліметті қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінен алған едік.

– Қала бойынша барлығы 16 білім мекемесі бар. Осы мектептерде 2012-2013 оқу жылында 838 мұғалім жұмыс істейді, оның 685-і жоғарғы білімді, ал 151 мұғалім – арнайы орта білімді. Мұғалімдердің сапалық көрсеткіші жыл сайын артып келеді. 2011-2012 оқу жылында жоғарғы санатты мұғалімдер саны 158 болса, 2012-2013 оқу жылында 177 ұстаз өз біліктіліктерін жоғарғы санатқа көтере білді. Сонымен қатар, бірінші санатты мұғалімдер санының 298-ге жетуіне қол жеткіздік.

Жас мамандар кәсіби шеберліктерін арттырып, оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіруде үш жыл көлемінде өздеріне бекітілген білікті тәлімгер ұстаздармен тәжірибе алмасады. Мектептерде жас мамандарға арнайы әдіс бірлестіктер бөлініп, жетекші тағайындалады, – дейді білім бөлімінің кадр сұрақтары бойынша бас маманы Жанар Жаманғарина.

– Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі қандай деңгейде?

– 2011-2012 оқу жылында Қарағанды қаласында біліктілікті арттыру курстарынан барлығы 100 мұғалім өтті және 10 мұғалім «Үш деңгейлік біліктілік арттыру» курстарын аяқтап, сертификатқа ие болды. 8 мұғалім Қарағанды, 2 мұғалім Семей қалаларында өз біліктіліктерін арттырды. Ал, 2012-2013 оқу жылына 120 мұғалімнің біліктіліктерін арттыру жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарындағы мұғалімдердің 52-сі «Білім беру саласының үздігі», біреуі «Астана» медалінің, алтауы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, 4 мұғалім Қазақстан Республикасының құрметті қызметкері.

Мектептердің педагог кадрларға қажеттілігін болжау және білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің үнемі бақылауында тұрады.

Әңгімелескен Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.