Жаңа серпін тудырмақ

Бүгінде қазақ елін әлем таныды. Мойындады. Алқалы жиындарда біздің ел жаһандық мәселелерде өз ойын бүкпесіз айтатындай дәрежеге жетіп, дамыған елдермен терезе теңестірді.

Ұлт Көшбасшысы, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен саяси қайраткерлігінің арқасында қол жеткізген табысымыздың ең қомақтысы – 2017 жылы Елордада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл көрменің еліміз үшін маңыздылығын өткен жылы халыққа арнаған «Қазақстан-2050» Старатегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жете түсіндірді. «Елді дамытудың «жасыл» жолына көшуіне ЭКСПО-2017 қуатты серпіліс беруі тиіс. Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылатын болады. Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «болашақтың энергиясын» өз көзімен көре алады» деген болатын.

Әлемнің алып мемлекеттерінде 64 рет өткізілген бұл көрменің елімізге берері мол. Мамандардың айтуы бойынша, халықаралық көрме қазақстандық жаңа технологиялардың әлемге танылуына, сол арқылы инновациялық жобалардың құлашын кеңге жаюға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, қазақстандық тауарлардың да шет елдіктердің сұранысын қанағаттандырып, экономикалық өсу мен әлеуметтің әлеуетінің жақсаруына жол салмақ.

Дәулеті мен сәулеті келіскен, көркі көз тартатын әсем қала – Астананың келбетін ажарландыра түсетін нысандар да бой көтермек.

Ал, көрменің басты бағыты – бүгінде адамзат үшін аса маңызды мәселеге айналып отырған энергия көзін үнемдеп, баламалы энергия өндірудің жаңа технологиялары мен әдіс-тәсілдерін білікті мамандар шет елдіктердің назарына ұсынып, бірге талқыланатыны болып отыр.

Менің ойымша, бұл көрме қазақ елінің қарышты қадамына қанат бітіріп, жаңа серпін тудырмақ.

С.Мырзақоңыров, қалалық мәслихаттың депутаты.

Комментарии закрыты.