Такси қызметі тексерілді

Қарағанды облысы ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасының тапсырмасына орай ақпан айының алғашқы күні «Сарыарқа» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы, Сәтбаев қалалық салық басқармасы және жол полициясы бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен қоғамдық көліктердің қызметі тексеріліп, бір күндік рейд жүргізілді.

Іс-шараның мақсаты – жолаушы тасымалымен, яғни такси қызметімен заңсыз айналысатын көліктерді анықтау, сол арқылы такси қызметін ретке келтіріп, жолаушылар қауіпсіздігін сақтау.

– Жалпы әрбір такси жүргізушісі қауіпсіздік шараларын орындап, көлігін тұрақты тексеріп отыруы қажет. Такси жүргізушісі ережеге сәйкес, қызмет көрсетер алдында денсаулығын медициналық, автокөлігін техникалық тексеруден өткізуі тиіс. Өкінішке орай, жеке жолаушы тасымалымен заңсыз айналысатын кейбір азаматтар бұл тәртіпті ескере бермейді. Көп жағдайда жолаушылар тасымалы жергілікті атқарушы органның келісімінсіз жүзеге асады. Сонымен бірге, жүргізушілер азаматтық-құқықтық жауапкершілікті дұрыс білмегендіктен және жол қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын бұзғандықтан көбіне қайғылы жағдайлар орын алады. Міне, осындай кемшіліктерді жою мақсатында, Сәтбаев қалалық салық басқармасы, жол полициясы бөлімі мен көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерімен бірлескен рейдтік іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асырылуда. Осыған байланысты, әр айдың 1 мен 15 күндері рейд өткізіліп, қаламыздағы қоғамдық көліктер тексеріліп тұрады. Рейдтің нәтижесі көрсетіп отырғандай, кейбір тасымалдаушылардың көліктері талапқа сай келмейді. Бүгін біз такси көліктерінің жол жүру ережелерін бұзған 6 факт анықтадық. Оның 2 – жартыжылдық мемлекеттік техникалық тексеруден өтпеген, 2 – сақтандыру полисін алмаған және 2 – автобусты мас күйінде жүргізген. Сонымен қатар, салық басқармасы өкілдерімен 2 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды, – дейді Сәтбаев қалалық ІІБ жол полициясы бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Баян Аманжолов.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.