«Жолдос көмекке асығады»

Оқушылар сарайында қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен, жол полициясы нұсқауымен «Жолдос көмекке асығады» атты бейнероликтің тұсаукесері өтті.

Іс-шарада анимациялық фильм көрсетілді. Фильмнің басты кейіпкері Жолдос жолдағы қауіпсіздік тәртібін үйретіп қана қоймай, сонымен қатар, өзінің керемет қабілетінің арқасында жолдағы апаттардан кейіпкерлерді сақтандыра да білді. Фильмді бағалаушылардың қатарында «Жас қыран» балалар мен жасөспірімдер ұйымы мүшелері, мектептердің аға тәлімгерлері болды. Фильмнің қызықты оқиғасы оқушыларға жол қауіпсіздігін үйрете отырып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қалалық білім бөлімінің әдіскері Г.Джакипова мен жолда жүру қауіпсіздігі үйірмесінің жетекшісі Ә.Жакупбекова қала көшелеріндегі қауіпсіздік туралы баяндама жасады.

Іс-шара қонақтары жол полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Б.Аманжолов, әкімшілік тәжірибе инспекторы Д.Кригер, жол полиция бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы, аға лейтенант С.Ақшалов оқушылардың берген сұрақтарына жауап беріп, буклеттер мен дисктер таратты.

Мәліметтер бойынша жол-көлік оқиғаларының 15 жағдайының біреуінде ғана оқушы кінәлі болады екен де, көп жағдайда үлкендердің қателігінен оқушылар апатқа ұшырайды екен.

Оқушыларды жолда үнемі сақтанып жүруге, өз өмірінің қожайыны өзі екенін ескертуге бағытталған іс-шара мақсатына жетті деп қорытуға болады.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.