Талап-арыздарды электронды түрде беруге де мүмкіндік бар

Өткен аптада Жезқазған қаласындағы аймақтық баспасөз клубында Ұлытау аудандық №2 сотының төрағасы Сәрсен Сағатов 2012 жылғы жұмысының қорытындысына байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.

Мәслихатта сот төрағасы баяндама жасап, атқарылған істер жайлы есеп берді. Оның айтуынша, өткен жылдың 12 айында аталған сотқа 16 адамға қатысты 12 қылмыстық іс түсіпті. Нәтижесінде, үкім шығарумен 7 іс, қаулы шығарумен  5 іс аяқталған. Жалпы, өткен жылы сот өндірісіндегі қылмыстық істер едәуір азайған, яғни, 10 қылмыстық іске төмендеген. Қылмыстық істерге ешқандай наразылық және шағымдар келтірілмеген.

– Бұл қылмыстар арасында есірткі, ұрлық және тағы да басқа оқиғалар бар. Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуды санкциялау және қамауда ұстау мерзімдерін ұзарту туралы 10 материал түсіп, қаралды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» Заңына байланысты Ұлытау ауданының қылмыстық-атқару инспекциясынан 6 адамға қатысты 6 ұсыныс және бір сотталушыдан өтініш түсіп, барлығы 7 материал қаралып, толығымен қанағаттандырылды.

Азаматтық істер бойынша 54 талап-арыздар түсіп, 52 азаматтық іс қозғалды. 2 талап-арыз қайтарылды, іс жүргізумен 52 азаматтық іс аяқталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша барлығы 73 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс түсіп, 71 іс аяқталды, 2 іс қайтарылды, – дейді сот төрағасы өз баяндамасында.

Аудан көлемінде қылмыстық істер азайғанымен, өткен 2012 жылы азаматтық және әкімшлік құқық бұзушылық істердің саны арта түскен. Мұның алдын алу және қылмысқа қарсы профилактикалық жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Әсіресе, тұрғындардың талап арыздары мен шағымдары ешқашан назардан тыс қалған емес. Осы бағытта электрондық жүйе де іске қосылған.

– Аудан тұрғындары енді сотқа өздерінің талап арыздарын электронды түрде де беруіне мүмкіндік алып отыр. Бұл талап-арыз түпнұсқа есебіне қабылданады. Сондай-ақ, сот кіре берісіне ақпараттық киоск орнату жоспарланып отыр. Онда азаматтар керек ақпараттарын толық ала алады. Соттың арнайы сайты да бар. Мұның барлығы соттың ашықтығын қамтамасыз етуге арналған, – дейді Ұлытау аудандық №2  сотының төрағасы Сәрсен Сағатов аймақтық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Төрағаның сөзіне қарағанда, №2 аудандық сотында  әр ай сайын ашық есік күндері де өткізіліп тұрады екен. Ал әр апта сайын төрағаның азаматтарды қабылдауы ұйымдастырылады. Мұның бәрі сот жұмысының ашықтығын көрсетеді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.