Шығармашылық ізденістің тамаша үлгісі

Бір қарағанда балабақша тәрбиешісінің жұмысы бір сарын, жылдар бойы бақша қабырғасында қалыптасқан күн тәртібіне сай өтіп жатқандай көрінуі мүмкін. Тіпті осы бір бүлдіршіндерді күлімдеп қарсы алып, жылы қоштасып шығарып салатын жандардың қызметі балаларды тамақтандырып, уақытында ұйқыға жатқызып, серуенге шығарумен ғана шектеледі-ау деп қабылдайтынымыз да жасырын емес.

Ал, №7 «Алпамыс» балабақшасының қабырғасында өткен «Парасат» әдістемелік бірлестігінің кезекті тәжірибе алмасу іс-шарасына қатысқан болсаңыз, пікіріңіз өзгеріп шыға келер еді.

– Мектепке дейінгі кезең баланың мінез-құлқының негізі қаланып, шығармашылық қабілеті енді ояна бастайтын жауапты уақыт десем артық айтқандық емес. Дәл осы сәтте берілетін білім мен тәрбиенің заман талабына, әлеуметтік сұранысқа сай болуы өте маңызды. Сондықтан әдістемелік бірлестіктің жоспары аясында тәрбиешілер жұмысы бүлдіршіндерді шығармашылыққа баулып, жан-жақты тұлға қалыптастыруды, баланың бойындағы иненің жасуындай талабын әрі қарай ұштауды көздейді. Тәрбиешілер үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүріп, тәлімгерлік тәжірибелерін толықтыра түседі, – дейді бірлестік төрайымы Сәрсенкүл Ибраева.

«Алпамыс» бақшасындағы бірлестік жұмысына келетін болсақ, бұл күні үш буын тәрбиешілері өз тәжірибелерін ортаға салды. Тәлімгер тәрбиешілер О.Үсенова, К.Сыдықова, Б.Әбішева, А.Бисариева, Ж.Ибраева, А.Абдрахманова, сондай-ақ, тәжірибелі С.Асанова, К.Нақышбекова, Д.Жамауова, Қ.Нұрекенова сияқтылар тәжірибе алмасса, өз кезегінде жас мамандар С.Кульбекова, Г.Құланбаева, А.Рүстемова, А.Бейсембекова, А.Есмағанбетова осы уақытқа дейін үйреніп, көңілге тоқығандарымен бөлісті. Озық тәжірибені енгізу, жинақтау, тарату, онымен бөлісу мақсатында өткен отырыс аясында әртүрлі тақырыпта алты іс-шара ұйымдастырылды. Ең маңыздысы, олардың әрқайсысында мамандардың ізденісі, әдеттен тыс жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалануы, шығармашылық тұрғыда өсуге бағытталған талпыныстары айқын көрініс тапты.

«Ойыншықтар әлеміне саяхат» атты 1 «а» кіші тобында өткен іс-шара бүлдіршіндерді өзін-өзі, қоршаған ортаны тануға бейімдеді. Балалар түрлі аңдарды сипаттай отырып, оларды ойыншықтар ішінен тауып қана қоймай, әрқайсысына қатысты тақпақтар айтып берді. Тәрбиешілердің бүлдіршіндердің тіл байлығын дамытуға, жануарлар әлеміне қызығушылығын оятуға бағытталған жұмысы көпшілік көңілінен шықты.

К.Сыдықова өткізген бейнелеу өнері арқылы баланың шығармашылық қабілетін арттыруға негізделген сабағы әсіресе есте қалды. Әдеттен тыс әдіс-тәсіл пайдалануды жетік меңгерген маман бар өнерін бүлдіршіндер бойына да дарыта білген екен. «Триз» технологиясы бойынша балақайлар гуашьпен екі саусақпен сурет салу шеберліктерін ортаға салды. Балаларға дайын сурет үлгісі берілмей, бүлдіршіндер өз ойларынан туған бейнелерді салып жатты.

Әртүрлі ойын элементтерін пайдалану арқылы тіс тазалау, жуыну, денені шынықтау сияқты үйреншікті іс-әрекеттерді де қызықты әрі көңілді сәттерге ұластыра білген тәрбиешілер өз тәжірибелерін ортаға салды.

Соңғы «Әдептілік, әдемілік – өмір айнасы» атты отбасылық сайыста көрермендерге қатты ұнады. Бұл бөлімде балабақша жұмысының тағы бір қыры – ата-аналармен жұмысы көрініс тапты. Сайыста ата-ананың өнері, шығармашылық қабілеті ғана емес, сондай-ақ, баламен қарым-қатынасы, отбасында қалыптасқан белгілі тәртіп пен өзара сыйластық өте жақсы көрінді.

Жалпы, қай топтағы іс-шараны алсақ та тәрбиешілердің үлкен шығармашылық ізденісіне, жаңашылдыққа талпынысына куә болдық. Отырысқа арнайы шақырылған «Дошкольник» ЖММ қарасты бақшалардан келген мамандар да бірауыздан тәрбиешілер жұмысына оң баға беріп, бақша мамандарының ортаға салған жаңа әдіс-тәсілдерін өз тәжірибелеріне енгізуге дайындықтарын жеткізді.

Отырыс соңында «Парасат» әдістемелік бірлестігінің Сәтбаев қаласы бойынша төрайымы Ғ.Әбішева мамандарға зор ризашылығын білдіріп, еңбекте жаңа табыстар тіледі.

Талант пен шығармашылыққа толы өнер мерекесін қорытындылаған бақша меңгерушісі Ғ.Әшірбекова қатысушылар мен қонақтарға алғысын жеткізді.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.