Насихат тобы «Степнойда»

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру және оны талқылау мақсатында өткен аптада қалалық ақпараттық-насихаттау тобы «Степной» кенішінің ұжымымен кездесу өткізді.

Топ құрамында әкім аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Г.Таңсықпаева, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Г.Есмұрзаева мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ғ.Сүтбаев болды.

Кездесуді Г.Таңсықпаева ашып, жиналғандарға Жолдаудың маңыздылығын, басты бағыттарын түсіндірді.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы мемлекетіміздің стратегиялық даму құжаты болып табылады. Бұл Жолдауда мемлекет басшысы ел алдында тұрған міндеттер кешенін айқындайтын және дамудың мақсатты бағдарларын белгілейтін жеті негізгі бағытты жүзеге асыруды тапсырды. Олардың ішінде бастысы – ел экономикасын нығайту, халықтың әл-ауқатын көтеру, денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру, жұмыспен қамтамасыз ету, ауылды дамыту. Елбасының алдымызға қойып отырған басты мақсаты – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіру. Біз дамыған экономикасы мен жалпыға ортақ еңбек мүмкіншіліктері бар күшті мемлекет негізіндегі берекелі қоғам құруға тиіспіз. «Қазақстан – 2050» жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге айрықша жауапкершілік жүктеліп отыр. Елбасы ХХІ ғасыр Қазақстан үшін «алтын ғасыр», яғни бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры боларына сенімді. Осы орайда, аталған мақсаттарға жетуде, аса маңызды құжатта қойылған міндеттерді орындауда жұмысшы табының орны айрықша. Еліміздің даму жолының барлық бағыттары мен барлық жақтары қарастырылған бұл тарихи құжат – ұлтымыздың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағыты. Сондықтан, ертеңгі сенімді болашақ үшін біз бүгін барлық күшімізді салуымыз керек, – деді насихатшы.

Одан әрі тыңдаушыларға Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған мемлекеттік бағдарламалардың қаламызда орындалу барысы туралы Ғ.Сүтбаев пен Г.Есмұрзаева мәлімет берді.

Жалпы биылғы Жолдауда елдің ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағыттары айқындалып, ел өмірінің барлық саласы қамтылған. Ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларын енгізу және заманға лайық мамандарды дайындау сынды бастамалар болашақта өз жемісін береріне сеніміміз мол.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.