Тәрбие негізі – отбасынан

Отбасы – қоғамның ең шағын бөлігі. Ондағы болып жатқан жағдайлар қоғамға әсер етпей қоймайды. Білімді, әрі жан-жақты жетілген рухани қуатты қоғам қалыптастырғымыз келсе оның іргетасын отбасымызда қалауымыз қажет. Жас жеткіншек өз отбасында ғылым-білімнің алғашқы негіздерін үйренбесе, онда оның сырттан алған білімі құр топыраққа қалана салған кірпіштей болары анық.

Әр адамның үйі тамақ ішетін, демалатын орын ғана емес, сонымен қатар, ілім ізденіп, руханиятымызды қалыптастыратын рухани медресе болуы тиіс. Әр үйде иманға қатысты кітаптар оқылып, белгілі бір сабақтар жүргізілмесе онда ол үйдің мүшелері жүрек қоймасын ешбір мектепте немесе ешбір жоғарғы оқу орындарында толтырмасы анық. Ұл-қызымызды алты-жеті жаста мектепке береміз, мұғалімдер перзенттерімізді тәрбиелеп береді деген түсінік қате. Мектеп мұғалімдері әліппе мен дүние-танымды үйретіп, есеп шығарудың заңдылықтарын меңгертуге бар күштерін салатыны рас. Алайда, балиғат жасына толған соң перзенттеріміздің мойнына жүктелетін мұсылмандық міндеттерді кім үйретеді? Иман-сенімнің, ораза-намаздың мән-маңызын, қалыңдық таңдап, отбасы құрудың заңдылықтарын, рухани дүниесіндегі көркем мінез бен жексұрын қылықтарының салмақтарын, туыстық қатынас, көрші ақысы, ата-ана қызметі, ерлі-зайыптылардың өзара міндеттерін кім меңгертеді? Осы сияқты мыңдаған маңызды сұрақтар өз жауабын отбасында табуы тиіс. Бұл ұғымдардан толықтай мақұрым өскен жандардың адамдық қасиеттері кеми беретіні де анық. Тамақтың тоқтығы, киімнің көк болуы адамдықтың өлшемі бола алмайды. Бүгінгі қоғамда отағасынан әкенің бала-шағасының алдында қандай міндеттері бар екенін сұрасақ, ең алдымен тамақ пен киім аталатыны неліктен? Адам жүрегі иман, ұят, сүйіспеншілік, мейірім, қайырым, туралық, ықылас деген секілді ислами, рухани құндылықтарға толмаса ол жүректің иесінен шынайы адамгершілік қылықтар шықпасы анық. Міне, бұл аталғандарды бүгінгі қоғамымызда отбасылық түйіткілдер қатарына қоспасқа амалымыз жоқ. Бұл мәселелердің бәрі де түптеп келгенде тиісті білімнің таяздығынан туындайтыны даусыз. Сондықтан болар, мұсылман ерлерге, мұсылман әйелдерге білім іздену парыз. Білім болмаса өмірде мән жоқ. Білім-ғылымға көңіл бөлмеген соң отбасыларда бақытты күндер азая береді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: Біліммен-хикмет адамның осы дүниеде ислам дінінде осылай білдірген. Келесі хадисінде: «Үмбетімде екі түрлі топ бар, олар дұрыс болса барлығы дұрыс болады, олар бұзылса барлығы бұзылады. Олар басшылармен білім иелері» деген. Бұл отбасына да міндет жүктейтін хадис. Ерлі зайыптылардың да ислам білімі болмаса оның бақыты баянды емес деген қорытынды шығады. Бір отбасында материалды жағдай өте жоғары. Не киемін, не ішемін демейді, бірақ, бұл отбасында Аллаға, ахиретке деген сенім болмаса олар бәрібір толық бақытты бола алмас. Себебі, бүкіл дүниежүзін бір адамның атына аударып, жеке-меншік етіп берсе де ол ертең аспан әлемі де менікі болса деп ой қозғайды. Нәпсі тойғанын білмейді. Міне, бұл жағынан алғанда ислам білімінің берері мол. Ал мұсылманшылықта қанағатшылықты, үнемшілдікті, жомарттылықты үйренген көңілі тоқ жандар еліне, дініне аянбай қызмет ететін анық.

Сайд Ал-Маусули былай деген: – Ауырған адам ішіп-жемесе, емделмесе әлбетте қайтыс болады. Адамның жүрегі сондай ауруға ұқсайды: үш күн қатарынан білім мен хикметтен мақұрым қалса, ол да рухани тұрғыдан өледі.

Жанұя мүшелерінің жүректері тірі қалсын, өлмесін десек оларға білім үйрету шарт. Сол үшін арнайы уақыт бөлуге тиіспіз. Ғылым-біліммен қаруланған адамның екі дүниеде несібесі зор.

Бекзат Сейтжаппаров, Сәтбаев қаласының Сәдуақас Ошақұлы атындағы мешітінің имамы.

Комментарии закрыты.