Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі сапалы жұмыс

Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына да бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін атқарылар шараларды айтып берді. Егіс алаңын ұлғайту, астық түсімін молайту, мал шаруашылығында жемшөп базасын құру, қайта өңдеуде және саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту міндеттерін алға қойды.

Мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, жер өңдеу мәдениетін өзгертіп, жаңа ғылыми-технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз қажет. Алынған шаралардың нәтижесінде 2050 жылға қарай елдің ішкі жалпы өніміндегі ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі 5 есе артуы тиіс. 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемін 4,5 есе арттыру көзделіп отыр.

Қазіргі күні  біздің қала бойынша да ауыл шаруашылығы саласында атқарылған шаруалар ауқымды. Қала негізінен өндіріске бейімделгенімен, соңғы кездері бізде ауыл шаруашылығын дамытуға да ерекше мән беріле бастады. Өйткені, еліміздің жетекші саласы осы ауыл шаруашылығы. Оны дамыта отырып, біз елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға да ықпал ете алатын боламыз. Міне, осы мақсатта қаламызда атқарылып жатқан істерді тілге тиек етсек болады.

Қаланың ауыл шаруашылығы қызметкерлері өткен жылды бірқатар табыстармен аяқтап отыр. Жыл ішінде 348,6 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді.  2012 жылы 284 тонна ет, 1739,8 тонна сүт, 2334,6 мың дана жұмыртқа өндірілді. Елбасы ірі қара етінің экспорттық потенциалын арттыруды тапсырғаны белгілі. Осы тапсырмаға сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Сыбаға» бағдарламасын қабылдаған болатын. Біз де қаламызда ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтардың арасында осы жұмысты насихаттап, аймағымызда ауыл шаруашылығын дамыту жұмыстарының сапасын көтеруге мән берудеміз. Өйткені, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі сапалы жұмыс жетекші саланы дамытуға ерекше ықпал ететін болады.

Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері бағаны тұрақтандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру мен оның қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында да ауқымды жұмыстар жасап келеді. Қазір осы мақсатта қаламызда қала әкімінің өкімімен 6 жұмылдыру тобы құрылған. Олар қаламыздағы сауда орындары мен базарлардағы бағаны үнемі бақылауға алып, қадағалап отырады және азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағаларын негізсіз өсірмеуге ықпал етуде.

Қалада бірінші сұрыпты нанның бағасын тұрақты ұстап тұру үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, қала әкімі, «Азық-түлік корпорациясы Ұлттық Компаниясының» облыстық өкілдігі және «Самади – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диірмендері арасында  арнайы төрт жақты меморандумға қол қойылған. Осыған сәйкес, «Самади – 2030» ЖШС қалаға бірінші сұрыпты ұн жеткізіп беріп отыруды да өз міндетіне алды. Бүгінде осы ұннан бағасы төмен бірінші сұрыпты нан пісіріліп, сатылуда.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында қалада бұдан басқа да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Сәт-Сәулет»ЖШС арқылы жергілікті бюджеттен 5 млн. теңге  бөлініп, оған  көкөніс түрлері әкелініп, қаламыздағы коммуналдық сауда орындары мен жәрмеңкелерде арзан бағамен сатылуда. Мұның сыртында фьючерстік келісім-шарт арқылы «СНА Адамас» ЖШС-нен келісі 50 теңгеден 120 тонна картоп, келісі 65 теңгеден 61,5 тонна жуа әкелініп сатылуда. Сондай-ақ, «Бураханов» шаруа қожалығымен фьючерстік келісім-шарт жасалынып, келісі 950 теңгеден 8,08 тонна ет алынып, сатылып келеді.

Әр сенбі сайын азық-түлік жәрмеңкесі де тұрақты өткізілуде. Ондағы баға базар бағасынан 15-20 процент төмен. Өткен жылы мұндай 53 жәрмеңке өткізілді. Сол сияқты, облыс әкімі бекіткен кестеге сәйкес «Ауыл Береке – 2012» жәрмеңкесі де өткізіліп, оған Ұлытау ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қатысты.

Халқымыздың 40 пайыздан астамы ауылда тұратынын ескерсек, биылғы Жолдаудың ауыл халқы үшін де маңызы орасан зор. Аудандарда ветеринарлық станция құрылып, өз жұмыстарын жүргізуде. Мұндай ветстанция қалалық жерлерде де құрылып жатыр. Соның бірі біздің кеншілер қаласында да өз жұмысын бастады. Содан бері қалада мал басын егіп-емдеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Көріп отырғанымыздай, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан — 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы барлық қазақстандықтардың, оның ішінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр.

Осы міндеттерді сапалы түрде іске асыруда қаладағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, осы сала қызметкерлері аянбай абыройлы еңбек ететініне сенімдімін.

Амантай Әбілқасымов, Сәтбаев қаласының ауыл шаруашылық және ветеринария бөлімінің бастығы.

Комментарии закрыты.