«Ата-ана махаббаты»

Қазіргі таңда туындап отырған маңызды мәселелердің бірі – ата-аналар тарапынан балаға көрсетіліп отырған қатыгездік. Осы орайда қатыгездікті ата-ана баласына саналы түрде жасап отыр ма, шынымен, ата-ана баласын соншалықты қатыгездікпен жазалауға дәті қалай жетті, ана-ананың балаға деген ыстық сезімі, махаббаты қайда деген заңды сауалдар туындайды.

Осындай проблемаларға байланысты, баланың өзіне-өзі қол жұмсауының алдын-алу мақсатында №27 қазақ орта мектебінде ата-аналармен «Ата-ана махаббаты» тақырыбында қалалық семинар-тренинг өткізілді. Семинарға 8-ші сынып оқушыларының ата-аналары, қала мектептерінің психологтары мен қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері А.Бахтаева қатысты.

Кіріспеде психолог Р.Алиева тренингтің мақсатымен, бағдарламасымен таныстырды.

«Есімдер жаттығуы» ойыны арқылы ата-аналар өз балаларының атының қойылу тарихын айтып берді. «Бала деген кім?» тақырыбында ой қозғауда ата-аналар топпен жұмыс істеді. «Ата-ана бала алдында қандай болу керек?» тақырыбы ата-аналарды қатты толғандырып, «шын мәнінде мен қандай ата-анамын» деген ойды қызу талқылады. Әрбір тренингтің соңында ғалымдар зерттеген пікірлер таныстырылды. Ситуациялық сұрақтар таратылды. Ситуациялық жағдаяттарда ата-аналар өз балаларының рөліне еніп, сахналық қойылым түрінде көрсетті. Тренингтің аралығындағы сергіту сәтін психолог Г.Сайлаубек өте әсерлі және қызықты өткізді. «Өтінемін» ойынына ата-аналар белсене атсалысты.

Тренинг соңы – «Тілек шамы» кезеңінде ата-аналар бір-біріне, балаларына жақсы тілектер айтты. Семинар қорытындысында психологтар ата-аналарға кеңес беретін жадынамалар таратты.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.