Көшелер жарықтандырылады, аулалар абаттандырылады

Сейсенбі күні Сәтбаев қаласының әкімі Батырлан Ахметов Весовая елді мекеніндегі «Теміржолшылар» клубында Весовая, Крестовский, Перевалка елді мекендері тұрғындары алдында кезекті есеп беруін жалғастырды.

Есепті жиынға қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай, Жезқазған поселкесінің әкімі Асылхан Сәдуақасов, қалалық мекеме, ұжым басшылары мен «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігіне қарасты құрылымдардың басшылары және жоғарыда атал-ған елді мекендердің тұрғындары қатысты.

Өз баяндамасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауынан бастаған Батырлан Ахметов өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары мен 2013 жылға арналған міндеттерге тоқталды. Қала әкімі Сәтбаев қаласы бойынша бір жылда атқарылған жұмыстарды тарқата отырып, кеншілер қаласымен қоңсылас жатқан елді мекендердегі халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Қала басшысының айтуынша, Жезқазған поселкесі мен Весовая, Крестовский елді мекендерін сәулеттендіру, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліпті. Көшелерге жаңа үлгідегі аялдамалар қойылып, күл-қоқыс орындары жабдықталып, жаңа контейнерлер қойылған. Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру да кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, аулаларға жаңа үлгідегі балалар алаңдарын орнату да назардан тыс қалып отырған жоқ. Бұл жұмыстар қаламен қоңсылас жатқан елді мекендерде үстіміздегі жылы да жалғасын табатын болады. Атап айтқанда, Весовая елді мекенінің көшелері жарықтандырылып, аулалар абаттана түспек. Сондай-ақ, күл-қоқыс алаңдарына жаңа контейнерлер орнату жұмыстары да жалғасын табады. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға негізделген мемлекеттік бағдарламалардан бұл аймақтың тұрғындары да қалыс қалмақ емес. Қала әкімі мұны нық сеніммен айтты.

Қала әкімінің есебінде тұрғындарды қуантқан жаңалық – бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан Весовая елді мекені тұрғындарының көшірілуіне қатысты болды. Қала әкімінің «Весовая елді мекенінің тұрғындары ешқайда қоныс аудармайды, керісінше, аймақты деңгей-деңгейімен сәулеттендіру туралы шешім қабылданды. «Елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен балалар алаңы мен спорт алаңының құрылысына қаржы бөлініп отыр. Бұл алаңдарда заманауи, қауіпсіз ойын құрылғылары орналастырылатын болады», – деген сөзі тұрғындарды қуантып тастады.

Жиында тұрғындар көтерген мәселенің маңыздысы жол мен көше жарығына зәрулік болды. Крестовский тұрғындары көше жарығы, ауыл ішінің және кіре беріс жолдардың сын көтермейтінін, орталық кәріз жүйесінің жоқтығынан жеке септиктер тез толып, аулаларға лас судың жайылып жатқанын да бүгіп қалмады. Себебі, өркениет көшіне иек артқан елімізде кәріз суының сасық иісі мен сыздың әлегін көріп жүрген жергілікті тұрғындардың әбден мазасы кетсе керек-ті.

Жиында сөз болған тағы бір өзекті мәселе – аталмыш аймақтағы кәріз құдықтарының қақпақсыз, ашық-тесік жатуы.

Қала әкімі Батырлан Ахметов бұл мәселелерді анықтап, тиісті шара қолдануды қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының бастығы Еркін Жұмабековке жүктеді.

Жиында елді мекеннің санитарлық тазалығы да айтылмай қалмады. Қордаланған қоқыстың санитарлық-тазалық айлығы кезінде еңсеріліп жататыны жасырын емес. Алайда, көшелердегі күл-қоқыс алаңдарының қоршалмағандығы, қоқыс таситын көліктердің уақытылы келмейтіндігі тұрғындарды алаңдатып отырғаны да қала әкімінің назарына қойылды. Техниканың жетіспеушілігінен бе, күл-қоқыстар қолмен тиеледі екен. Мұндайда қоқыс алаңынан ұшқан қағаз-қалдықтар аула ішін ластап, тазалық сақтауға мүмкіндік бермей отырғанға ұқсайды. Сондықтан, әкім алдына мәселе етіп қойған халық бұл жайтты да алдын ала жоспарлап, шағын көліктер алу мәселесін көтерді.

Жарыссөзге шығып, өтініш-тілектерін жеткізген тұрғындар елді мекенде салауатты өмір салтын сақтау мақсатында жас ұрпақ тәрбиесі үшін мәдени-спорттық шаралардың, яғни, спорттың бұқаралығын арттыру бағытында спорт секцияларын ашу, ойын алаңдарын жасақтау сынды қолдау шаралары ұйымдастырылса деген ұсыныстарын жеткізді. Осы орайда Весовая елді мекеніндегі «Теміржолшылар» клубының келешегі де сөз болды. Клуб үйінің жұмысын жандандыру жүзеге асырылса деген халықтың ұсынысын құптап, өзекті мәселелердің түйіні жауапты мамандардың қатыстырылуымен зерделеніп, шешімін табатынын айтқан қала басшысы бұл жұмыстардың назарда болатынын жеткізді.

Үш елді мекеннің тұрғындарының ортақ жанайқайы – бұралқы ит, мысықтардың мазаны кетіргені болса керек. Жиын барысында кезек-кезек көтерілген тұрғындардың сөзіне қарағанда, жеті қазынаның бірі саналатын иттердің адамға шабуыл жасау қаупінен үрейленгені байқалады. Тұрғындардың бұл мәселесіне қала әкімі бұралқы ит, мысықтарды жоюға бюджеттен қаражат қаралып, жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Өткен жылдың еншісінде атқарылған ауқымды жұмыстарға сала бойынша жекелей тоқтаған әкім есебіне елді мекен тұрғындары ризашылықтарын да білдіріп, қала басшылығы ұйымдастырған жұмыстарға сәттілік тіледі.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.