Жолдау жан-жақты түсіндірілді

Құрамында Асылхан Сәдуақасов, Амантай Әбілқасымов, Алма Аманова, Қазбек Ашықбаев бар ақпараттық-насихат тобы бекітілген кестеге сәйкес Жезқазған қаласы туберкулезге қарсы күрес диспансерінің ұжымымен кездесті.

Насихатшылар Елбасының Жолдауында көрсетілген бағыттарды саралай келе, одан туындайтын міндеттердің орындалу жолдарын талқылады.

Жұмыспен қамту орталығының директоры, топ мүшесі Қ.Ашықбаев Жолдаудағы үшінші бағытқа кеңінен тоқталып, жұмыссыздарды оқыту мен қайта даярлауға байланысты қаламыздағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Елбасының «Жұмысқа мүгедектерді алып, оларға жағдай жасайтын компаниялар мен корпорацияларды көтермелеу керек» деген сөздерінің көпшіліктің көңілінен шығып, сенімдерін серпілткенін айтты.

Топ мүшесі, Жезқазған кентінің әкімі А.Садуақасов ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатеріне қысқаша шолу жасап өтті.

«Ауыл шаруашылығын қайта өңдеуде және саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту» бөлімінде Елбасының Үкіметке берген тапсырмаларын ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы А.Әбілқасымов жік-жігімен түсіндірді. Экспорттық нарықты меңгеру, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғыртуға бағытталған міндеттерді орындауға біркісідей атсалысуға шақырды.

Жолдаудағы көрсетілген білім беру саласындағы басымдықтар төңірегінде №27 орта мектептің директоры А.Аманова сөз қозғап, ойын ортаға салды

– Елбасының «Ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет» дегенін мен толығымен қолдаймын. Балаларымызды жан-жақты сауатты етіп, қазіргі заманға бейімдеу керектігін, ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайдың жасалып отырғанын жеткізді.

Ақпараттық-насихат тобы мүшелерінің толық қатысуымен осындай кездесу С.Сейфуллин атындағы гимназияның ұстаздары мен оқушылары арасында да өтті. Тыңдаушылар қойған сұрақтарына түсінікті жауап алып тарасты.

Туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Қ.Исмаилов пен гимназия директоры Г.Сүйінжанова үгіт-насихат тобының мүшелеріне ұжымдары атынан алғыстарын білдірді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.