Ардагерге құрмет көрсетілді

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 24 жыл толуына байланысты №1 мектеп-гимназиясында «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы оқушыларының қатысуымен жоспарға сәйкес тәрбие сағаттары, мектепішілік жиындар өткізілуде. Солардың бірі – Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу.

Кездесу кешіне Ауған соғысы ардагері Сайлау Қайранбеков шақырылды. Кеш барысында Ауған соғысы жайлы түрлі деректер, өлеңдер, слайдтар, көріністер, әндер айтылды. Оқушылар сұрақ қою арқылы қонақтың сонау отты жылдарда бастан кешкен оқиғаларын естіп білді.

Сайлау Оразбайұлы 1962 жылы Балқаш қаласы, Сарышаған бекетінде дүниеге келген екен. 18 жасар бозбала Қапшағайға әскери қызметін атқаруға барады. Сол жерде арнайы дайындықтан өтіп, 1982 жылдың күзінде Термез қаласынан Ауғанстанға соғысқа жіберіледі. Онда бір жылдан астам уақыт взвод командирі және үшінші ротаның арнайы тыңшысы болады. Ұрыс барысында аяғынан жарақат алып, 1984 жылдың 29 шілдесінде елге оралды. Ауған соғысындағы ерлігі үшін бірнеше рет медальдармен марапатталған. Бүгінде зейнеткер болса да еліне қызмет етіп, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Батырлардың өткен өмірі болашақ жас жеткіншектерді патриоттық рухта тәрбиелеуде үлгі-өнеге болары сөзсіз.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.