Ұйым белсенділері – жарыс жүлдегерлері

Сәтбаев қаласындағы Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы. Мұнда «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС филиалы «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі бойынша өткен 2012 жылдың жарыс қорытындысына орай жиналыс өтпек. Жарыс жүлдегерлері анықталып, еңбек озаттарына сый-сияпат көрсетілмек.

Біз бірқатар еңбек озаттарымен тілдесіп үлгеруге асықтық.

– Мен № 57 шахтада «Торо» көлігін жүргіземін, — деді Дулат Хамзин. — Осы мамандығыма орай жұмыс істегеніме 11 жыл болды. Табыссыз емеспін. Бүгін өз мамандығымның үздігі ретінде марапатталатындығыма аса қуаныштымын.

Біздің сұрағымызға орай ол өзі туралы былай деді: — «Торо» көлігі жүргізушілігіне көптеген шәкірт баулығаныма тәлімгер ретінде де мақтау-мадақтауға бөленіп келемін. Ол шәкірттерім — Сәтбаев қаласындағы оқу комбинатын бітіріп келгендер. Жалпы біздің еңбек ұжымында тәлімгерлік қозғалыс өз мәнінде ұйымдастырылған. Бұған Сейфулла Әбдірахман жетекшілік ететін «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағының шахтамыздағы бастауыш ұйымы ұйытқы болуда. Мен де сол кәсіподақ комитетінің мүшесімін. Маған әрі спорттық-бұқаралық шараларды ұйымдастыру жүктелген. Өз міндетімді абыроймен атқарудамын. Әсіресе, бірнеше әріптесіммен бірге футболдан кеніш құрамында ойнайтынымызды мақтан тұтамыз, — деді Д.Хамзин жарқын үнмен.

Әңгімелесіп қатар тұрған екі жігітпен де тілдесуге ниет білдірдік. Оңтүстік Жезқазған кенішінен келген жарыс озаттары екен. Жыл қорытындысына орай жүлдегер атанып, дүйім жұрттың алдында сый-қошеметке бөленер сәт жақындаған сайын аса толқып тұрғандары байқалады. Отыз жылға жуық тау-кен қопарушысы болып еңбек етіп келе жатқан Шалабай Орынбаев еңбегімен ер атанған дерлік жігіт екен. ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегері. Оны қойып, 2000 жылы жеңіл автокөлікті сыйға алыпты.

Оның қасындағы жас Әскербек Оразбаев Қарағанды политехникалық институтын бітірген жоғары білімді маман, 3 жылдан бері № 65-бис проходка учаскесінің бастығы көрінеді.

– Қарамағымда 28 адам бар. Ұжымымыз ұйымшыл. Жұмыс тәжірибесі жиырма жылдан асқан 18 проходкашымызды өз ісінің майталмандары ретінде құрметтейміз. Жас болсам да басшы ретінде менімен санасады, өзара ақылдасып-кеңесіп отырамыз. Әсіресе, қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуге жіті көңіл бөлудеміз. Бұл реттегі жұмысты кеніштегі бастауыш кәсіподақ ұйымының ұтымды ұйымдастыруға қозғау болып отырғанын аса сүйінішпен айтар едім, — деп ақтарылды учаске бастығы Ә.Оразбаев.

Біз әңгімеге тартқан Ш.Орынбаев пен Ә.Оразбаев кәсіподақ ұйымының белсенділері екен. Оны кәсіподақ жұмысындағы белсенділігімен және жоғары еңбек көрсеткіштерімен танылғаны үшін салтанатты жиында «КәсіпҚазақмыс» салалық кәсіподағы Жезқазған аумақтық ұйымының төрағасы Сұлтанбек Мырзақоңыровтың қолынан Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлық алғандарынан білдік. Иә, өз мамандығының майталмандары мен еңбек озаттарының қай-қайсы болмасын кәсіподақ белсенділері болып келетіні үйреншікті жайт. Олар — жарыс көрігін қыздырушылар, қауіпсіздік техникасы жөніндегі қоғамдық инспекторлар, бұқаралық-спорт шараларының белсенді ұйымдастырушылары. Осы салтанатты жиындағы құттықтау сөзінде «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Ж.Бөрібаев өзге де қоғамдық бірлестіктермен қатар кәсіподақ ұйымының да еңбек бәсекесін ұйымдастыруға айтарлықтай үлес қосып отырғанын баса айтты.

– Бірлестік бас директоры өзінің құттықтау сөзінде бұрынғы жарысты ұйымдастыру дәстүрін жаңаша қайта жандандыру керек деген сөзі көпке ой салғаны анық. Өзім кәсіподақ комитетінің мүшесі болып табылатын № 3 Сәтбаев байыту фабрикасының бастауыш кәсіподақ ұйымы үшін де бұл абыройлы міндет болары сөзсіз. Еңбегіне қарай құрмет көрсету кәсіподақтың басты парызы екенін біз жақсы түсінеміз, — деді өзі де жыл қорытындысына орай жарыс жүлдегері атанып, құрметке бөленген машинист Мұрат Жүнісов.

Ш.Ибадатұлы, Жезқазған аумақтық кәсіподақ ұйымының баспасөз хатшысы.

Комментарии закрыты.