Ойларын ұшқырлап, тілдерін дамытты

Қаламыздағы №5 «Нұрбөбек» балабақшасында «Инновациялық қызмет көрсету» тақырыбына арналған шығармашылық күн өтті. Тәжірибе алмасу және біліктіліктерін арттыру мақсатында аталмыш іс-шараға қаламыздағы мектепке дейінгі ұйымдар мен шағын орталықтардың тәрбиешілері, әдіскерлері, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің өкілдері қатысты.

Шығармашылық күнін балабақша басшысы Ж.Жаппасова кіріспе сөзімен ашып, қонақтарды бағдарламаға сәйкес құрылған ашық сабақтарға қатысуға шақырды. Алғашқы сабақ тәрбиеші К.Абубакированың 2 кіші «А» тобымен ұйымдастырған «Аю балаларда қонақта» тақырыбында өтті. Одан әрі 2 кіші «В» тобының тәрбиешісі Г.Дарипбаева «Волшебный сундучок» атты сабақ өткізді. Бүлдіршіндердің қызығушылығын тудыру үшін сабақ ертегі негізінде құрылды.

Шығармашылық күні аясында өткізілген тағы бір сабақ «Әріптер сыры» деп аталды. Ересек «А» тобының тәрбиешісі Ж.Қизайбекованың ұйымдастырған бұл сабағы өте тартымды, қызықты өтті. Ойын әдісіне құрылған сабақта балалар белгілі бір әріптерден басталатын сөздерді айтып, сөздік қорларын молайтты. Сонымен қатар, қатысушылар «Жануарлардың қысқы тіршілігі», «Денсаулығың – байлығың», «Как помочь Буратино», «Қыстап қалған құстар» тақырыптарында өткізілген сабақтарды да тамашалады.

Сол күні №5 «Нұрбөбек» балабақшасында Сәтбаев қаласының 40 жылдығына арналған «Қалам, саған арнаймын!» атты интеллектуалдық марафон өтті. Іс-шараның мақсаты бүлдіршіндерге қала тарихы туралы мәлімет беріп, оларды патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу болды.

Бес кезеңнен тұратын сайысқа үш ересек топтары қатысты. Ойын барысында олар туған қаласы жайындағы сұрақтарға жауап беріп, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындары туралы білімдерін ортаға салды. Интеллектуалдық марафонның соңғы кезеңінде сайыскерлер экраннан бейнеленген қазақтың ұлттық тағамдарының суреттеріне қарап, дұрыс атауларын тауып, айтты.

Осылайша, «Балабақшадағы инновациялық қызмет көрсету» тақырыбында өткен шығармашылық күн келген қонақтардың көңілінен шығып, жоғары деңгейде өз жұмысын аяқтады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстан мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу керек. Біз отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз. Біз ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына әбден-ақ белсене қатыса аламыз. Бұл бізге ғалымдарымыздың күш-жігерін шетелдік ғылыми-зерттеушілік қоғамдастықпен стратегиялық инновациялық бағыттар бойынша ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу» деген еді. Елбасының бұл тапсырмасының жүзеге асырылып жатқандығына бірден-бір дәлел «Нұрбөбек» балабақшасында өткен осы іс-шара десек те болады.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.