Өрт сөндірушілермен кездесті

Сәтбаев қаласының №44 өрт сөндіру бөлімінде үгіт-насихат топ өкілдері өрт сөндіру қызметкерлерімен кездесіп, Ислам дінінің мейірімділігі мен ізгіліктілігін насихаттады.

Кездесу шарасында «Шындық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі А.Дастанов, ақын М.Тілеуов кеңес үкіметі тұсындағы жағдай мен тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі үлкен өзгерістерді атап өтті. Сондай-ақ, ата-бабаларымыздың шариғат пен сүннетті мақал-мәтелге және салт-дәстүрдің ішіне сыналап енгізіп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырғандығын жеткізді. Кездесу барысында Сәтбаев қаласы Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы қалалық мешітінің найб имамы Хамит Мырзагелдиев ілімсіздіктің залалы туралы, соңғы уақыттағы көптеген діни ағымдардың ел арасында белең алуы жұртшылыққа әсіресе, жастарға әсерін тигізіп жатқандығын жеткізді. Топ мүшелері діни ағымдар мен діни секталардың таралу себебі жайлы әңгіме өрбітіп, өз ойларын ортаға салды. Үгіт тобы мүшелері өткен жылдың соңында халыққа жол тартқан Елбасы Жолдауының негізгі басым бағыттарына да тоқталды. Найб имам еліміздегі мешіттердің бір мақсатта, яғни Ханафи мәзһабын ұстанған ҚМДБ-сына қарасты болуы — ұлт тұтастығының кепілі екендігін айтып, жиынды қорытты.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.