Мақсат – мемлекет тыныштығы

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдаған ұзақ мерзімді бағдарламасында мемлекетіміздегі тыныштыққа, тәртіпсіздіктердің алдын алуға аса мән берді. Осы бағытта құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне аса жауапты міндеттер жүктелді.

«Соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерінде бірқатар маңызды реформалар жүргізілді. Бұл – мемлекеттілікті нығайтудың маңызды қадамы. Олардың жұмысының құқықтық арқауы жақсартылды. Функциялары нақты айқындалды. Қызметтің қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгілендірілді», деген болатын Елбасы Жолдауда. Бұл бағытта Елбасының тапсырмасымен құқық қорғау саласын реформалау алдағы кезеңдерде де жүзеге аспақ.

Былтырғы жылы еліміз бойынша өткен осы саланың 100 мыңға тарта қызметкерін аттестаттаудан қоғамның тыныштығын сақтау жолында білімі мен білігі сай келген мамандар ғана мүдірмей өтті. Мемлекет тыныштығын сақтау жолында қызмет етуге даяр құқық қорғау саласының қызметкерлеріне ендігі жерде елдің сенімі арта түседі деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Жолдауында қоғамдық тәртіпсіздіктерге «нөлдік» төзімділік қалыптастыру, кез-келген ұсақ құқық бұзушылықтардың жазалануынсыз қалмауына, мәдениетсіздік пен бассыздыққа жол бермеуге аса мән берілу керектігін айтты. Мұндай ұсақ қылмыстар қоғамның тыныштығын бұзып, өмір талаптарының сапасын төмендетеді. Бассыздыққа көз жұма қарау – басқа қылмыстарға бастама деп түсінуіміз қажет. Ал, кішігірім құқықбұзушылықтарды ескеру – қоғамдағы қауіпсіздікті нығайту, қылмыспен күресудегі маңызды қадам. Сондықтан біз, құқықтық сауаттылықты арттырып, қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне қоғамның өзін тартуымыз керек. Осы тұста, азаматтардың жұмысқа орналасар алдындағы немесе қызметте жоғарылау сатысындағы мүмкіншілігін тәртібімен байланыстырып, қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтар үшін қандай жазалау шарттары қолданылатындығын қабылдап, міндетті түрде жеке істеріне, анықтамаларына жазалау шарттарын білетіндігі немесе білмейтіндігі айқындалса деген ойымды айтқым келеді. Келешекте осының барлығы да қалыпты жағдай болып қалыптасуы қажет.

Біздің басты міндетіміз – мемлекет тыныштығын сақтау болып табылады.

Жандос Қарабеков, Сәтбаев қалалық Ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі.

Комментарии закрыты.