Бірлескен жұмыстың нәтижесі тыңдалды

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, елімізде барлық деңгейдегі әкімдер тұрғылықты халық алдында есеп беруде. Атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы тұрған істердің басын қайыратын осындай жиын өткен жұмада №16 орта мектептің мәжіліс залында өтті. Кездесуге қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай, әкім орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары, шағын және орта бизнес өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Елбасының «Жергілікті атқарушы органдар басшыларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу жөнінде» Жарлығын орындау мақсатында өткен кездесуде қала әкімі Батырлан Ахметовтың есебі зор ынтамен тыңдалды. «2012 жылдағы Сәтбаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» баяндамасында қала басшысы өткен жылы атқарылған істерге тоқталып, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

– Биылғы жылы біз шешетін мәселелер аз емес. Бұл орайда өз қызметімізде біз ең алдымен мемлекет басшысының халыққа арнаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қойған мақсат-міндеттерді басшылыққа аламыз.

Біздің Президентіміз шағын қалаларды дамытуға аса көңіл бөледі. Жезқазған, Сәтбаев қалаларын және Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2017 жылдарға арналған кешенді жоспары: мысы бар кен қорын барлау және өңдеу, жаңа тау-кен өндіру кәсіпорындарын ашу, жолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру сияқты мәселелер қарастырылған 38 бөлімнен тұрады. Қазіргі кезеңде біздің аймақта көптеген құрылыс жобалары бойынша, теміржол, автокөлік жолдарын қайта өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл теміржол желілері. Бұл Жезқазған аймағының болашақта еліміздің транспорттық-логистикалық орталығына айналуына септігін тигізеді.

Сонымен қатар, кешенді жоспарды жүзеге асыру барысында 2013 жылы №1 жылу станциясын жаңарту және техникалық қайта жабдықтау жұмыстары жүргізіледі, – дей келе, қала әкімі үстіміздегі жылы жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыға жүзеге асырылатын бірқатар жобалар жайында айтты.

Олардың ішінде – бірінші санаттағы 10 балалар алаңын орнату, үш көпфункционалдық хоккей кортын орнату, 4 автобустық тұрақ орнату, Ерден көшесіндегі канализация мен ағынды суларды шығаратын канализациалы-насостық станциясын іске қосу және ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнату сияқты жағымды жаңалықтарға тоқталды.

Одан әрі «Рудсервис» ЖШС директоры П.Корник пен қала тұрғыны Ж.Тазабекова мінберге көтеріліп, қаланың дамуы жолында аянбай қызмет етіп жатқан қала басшысына алғыстарын білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Жүздесу барысында Батырлан Ахметов жиналған жұртшылықты мазалап жүрген кейбір мәселелердің мән-жайына да үңілді. Қала халқы билікке жеткізсем деген ойлары мен ұсыныстарын ашық айтып, қойған сауалдарының барлығына бірден тиянақты жауаптар алып отырды. Жиыннан белгілі болғандай, көпшілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, көше арасындағы жолдардың жағдайы мен қоғамдық көліктердің сапасыз қызметіне қатысты мәселелер толғантады екен. Сонымен бірге, кездесуде күнделікті тіршілікте кездесетін күрделі мәселелер, оның ішінде аулаларды көркейту, жарық беру, қоқыс жәшіктерін уақытылы тазарту секілді сұрақтар көтерілді. Осы және өзге де сауалдарға жауап беру кезінде қала әкімі бірден әр мәселенің мәнісін­ кеңінен талқылап, шешілу мүмкіндігі немесе мүмкін еместігінің жай-жапсарын түсіндірді.

Сұрақ қойғандардың бірі – «Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі Рамзан Афанзиев қазіргі таңда өзекті мәселенің біріне айналған қазақ тілінің мәртебесі жайлы сөз қозғады.

– Мемлекеттік тіл мәселесі – бүгінгі күннің түйінді мәселелерінің бірі. Тіл туралы арнайы заңымыз болса да, қаламыздың кейбір мекемелерінде бұл бағытта атқарылып келе жатқан жұмыстар көңіл толтырмайтынын көріп жүрмін. Қазақ тілінің жанашыры ретінде сізден, Батырлан Дүйсенбайұлы, осындай кемшіліктерді жоюға септігіңізді тигізуіңізді сұраймын, – деді жас азамат.

Қаланың тыныс-тіршілігі мен шағын және орта бизнеске қатысты жолданған сауалдарды мұқият тыңдаған қала басшысы осы мәселелердің барлығы жауапсыз қалмай, міндетті түрде жақын арада шешімін табатындығына тұрғындарды сендірді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.