Ауыл тұрғындарымен кездесті

Ақпан айының бірі күні басталған қала әкімінің есеп беру жиыны Сәтбаев ауылында жалғасын тапты. Ауылдағы №17 негізгі орта мектепте өткен қала басшысы Б.Ахметовтың есеп беру жиынына Жезқазған кентінің әкімі Асылхан Сәдуақасов, әкімнің орынбасаралары, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесуді ашып, жүргізген Батырлан Дүйсенбайұлы әуелі 2012 жылы атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, ауылдағы ағайынның түйіткілді мәселелерін тыңдады.

Кездесу барысында бүгінгі таңда ауыл тұрғындарын мазалап отырған бірнеше мәселелер ортаға салынды. Атап айтар болсақ, ауыл халқына газет-журналдарды уақытылы жеткізу, жаз мезгілінде ауыз суды аптасына екі рет тасу, азық-түлік дүкенін салу, «Малшыбай» бағытында жүретін автобустың ауыл ішіне кіріп, сенбі және жексенбі күндері де жүрсе деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, қаладан жас отбасыларға, мүгедектерге пәтер беру мәселелері көтерілді.

Тұрғындар ауылдың, мектептің болашағына алаңдайтындықтарын жеткізді. Ауылдағы негізгі мектепте қазіргі күні 5 бала оқиды. Олар электронды оқулық жүйесі бойынша білім алуда. Сондай-ақ, білім ошағында 4 бала шағын орталықта тәрбиеленуде.

«Үкіметтің басшылығымен ауылдық жердегі шаруашылыққа арзан бағада жем беріліп жатқанын аракідік естіп жатырмыз, соны ауылға жеткізу мәселесі қалай болады?» деген сауалдарын жолдады.

Қала әкімі тұрғындардың сұрақтарын тыңдап, жауап беріп, ұсыныстарының ескерілетінін айтты. Бірінші сұрақ бойынша қазіргі күні «Қазпошта» арқылы ауылға газет-журналдың жеткізілу мәселесі шешіліп жатқанын, жаздың күндері ауыз судың аптасына екі рет тасымалдануына мүмкіндіктің барын айтып, азық-түлік дүкенін ашуда ауыл тұрғындарының арасынан бір азамат шағын кәсіпкерлікті қолға алулары керек деді қала басшысы. Автобустың да мәселесі шешіліп, жас отбасыларын баспаналы етудің биылғы жылдан бастап арнайы бағдарламасын іске асыру жоспарланып отырғандығын, сол бағдарлама арқылы көп қабатты үйлер бой көтеріп, жас жанұяларға баспана кілті табысталатынын жеткізді. Былтырғы жылы бұл ауылдан жұмыссыз жүрген жастар «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында қаладан баспаналы болып, жұмыспен қамтылды.

– Ауылдың болашағына күмәнмен қарауға еш негіз жоқ. Ауылдық жерде түтін түтетіп, мал шаруашылығымен айналысамын деген отбасыларға барлық мүмкіндікті жасаймыз. Халық бар жерде мектептің де болашағы бұлыңғыр деп баға бере алмаймыз, – деді қала әкімі.

– Үкіметтің бастамасымен жемнің арзан бағада сатылып жатқаны шындық. Малдың жемін қаладан ауыл тұрғындары бірігіп, техника шығарып, әкеліп алуы қажет, – деді Батырлан Дүйсенбайұлы.

Мектептің медбикесі Бағдат Досжанова мен ауылдағы өзге де ағайын қала әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген бағаларын беріп, еңбектеріне табыс тіледі.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.