Өр рухты ерлерге құрмет

Ауғанстан асуларында жүріп, оқ пен оттың, өлім мен өмірдің арасында шыбын жандарын шүберекке түйген сан ұлттың жігіттерінің ішінде қазақ жастары ата-бабалардың батылдығы мен батырлығын, өр рухты қайсарлығын дәлелдеді. Бұл соғысқа қазақ жерінен жиырма мыңға тарта жігіттер қатысып, кейбіреулері сол Ауған жерінде шейт болса, енді бірі елге мүгедек болып оралды. Содан бері арада жиырма төрт жыл өтті. Ауған соғысының ардагерлеріне деген құрмет те ерекше. Біздің қалада осы қырғынның куәгері болған 72 ардагер тұрады.

Ардагер ағаларымыздың ерлік істерін кейінгі жастарға насихаттап, оларға құрмет көрсету мақсатында он бесінші ақпанда қала әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясының ұйымдастыруымен Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиынға қала әкімі Б.Ахметов, «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Ж.Бөрібаев, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай және қала әкімінің орынбасарлары мен депутаттар, қаланың Құрметті азаматтары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған жерінде жүріп қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналары, мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Залға жиналған көпшілік ардагерлерімізді зор ықыласпен қарсы алып, қошеметке бөледі.

Салтанатты түрде Ту әкелініп, Әнұран шырқалды. Соғыста жүріп қаза тапқан жауынгер-интернациналист жерлестерімізді еске алу мақсатында 1 минуттық үнсіздік жарияланды.

Қала басшысы Батырлан Ахметов жауынгер-интернационалистерді мерекемен құттықтап, олардың ерлік істері кейінгі жас буынға үлгі-өнеге екендігін айтты. Батырлан Дүйсенбайұлы қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін Қайрат Амралинов, Губайдулла Бабасов, Александр Гунько, Юрий Курилец және Берік Әлібаевты Алғыс хатпен марапаттады.

Келесі кезекте сөз алған «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Ж.Бөрібаев ардагерлерге ізгі тілегін жеткізіп, майданда жүріп шейт болған жерлестеріміз Олег Морозовтың анасы Ирина Морозоваға, Асылбек Мамажановтың анасы Балбарша Мамажановаға, Манарбек Сансызбаевтың анасы Қанапия Сансызбаеваға және Ғибадат Құттыбаевтың анасы Төлеукүл Құттыбаеваға ақшалай сыйлық пен гүл шоқтарын тарту етті.

Жезқазған аймағы бойынша «КәсіпҚазақмыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтанбек Мырзақоңыров бір топ ардагерлерді Алғыс хатпен марапаттап, ақшалай сыйлығын берді.

Партияның тұғырнамалық міндеттерін жүзеге асыру ісіндегі белсенділіктері үшін бір топ ардагерді қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев марапаттады.

Жауынгер-интернационалисттердің атынан Ауған соғысының ардагері Сайлау Қайранбеков сөз алып, майдандас достарын мерекемен құттықтай келе, ардагерлерді ардақтап, ұмытпай құрмет көрсеткен қалалық әкімдікке және корпорация басшылығына алғысын білдірді.

Салтанатты жиында әскери әндер шырқалып, билер биленсе, «Қанатты Ұлан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері әскери машықтарын әсерлі жеткізді.

Жауынгерлерге құрмет пен қошемет көрсетілген жиын соңында ардагерлерге қала әкімінің атынан салтанатты кеш барысында түскен сурет сыйға тартылды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.