Ауғанстан – жүректегі жара

Биылғы жылдың 15-ақпанында Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 24 жыл толып отыр. Кеншілер қаласының тұрғыны Мереке Құсайынов та сол бір отты жылдарда ажал апанынан аман-есен оралған азаматтардың бірі. 18 жасқа толуына әлі де жарты жылдау уақыт бар бола тұра Мереке өз еркімен әскер қатарына алынды. Әрине, жасын жасырып, үлкейтіп айтқан болатын. Егер, дәл сол кезде өзінің Ауғанстанға жіберілетінін білгенде басқаша болар ма еді. Бірақ, Кеңес армиясының жиынына шақырылып, екі күннен соң Ауғанстан жеріндегі оқ пен оттың ортасына баратынын кейін білді.

– Кәмелеттік жасқа толғанымды айтып, әскер қатарына алуға өтініш білдіргенімде сол кездегі Никольский қалалық әскери комиссариатындағылар бір «бас ауруынан» құтылатындарын біліп қатты қуанса керек, менің құжаттарымды көп зерттеп, зерделеп жатпады. Екі күннен кейін қолыма шақырту қағазын алдым. «Екі жыл екі күндей болмайды. Ештеңе етпейді бауырым, борышыңды өте, қалыңдығың қаттырақ сүйетін болады» деп әзілдеді әскери комиссариаттағылар. Жезқазған қаласындағы жинау пунктіне келгенімізде барып ауғанға кететініміз жайлы сыбыс естіле бастады. Жүрек те қобалжыды. Бірақ, намыс жібермеді. Не көрсем де елмен бірге көрермін деген оймен еш сыр бермедім, – деп еске алады сол бір үрейлі жылдарды Мереке.

Он сегіз бен жиырманың арасындағы жүзге тарта өрімдей-өрімдей жастарды ең әуелі Шешенстанға, Грозный қаласына алып келді. Осында олар алғашқы дайындық жаттығуларынан өтті. «Ауған жері таулы, тасты болып келеді. Сондықтан Кавказда дайындалу сендердің ертеңгі жорық жолдарыңды жеңілдетеді», дейтін командирлері.

– Арада үш ай өткенде бізді Ауғанстанға алып келді. Жат жердің жазының да ызғарлы болатынын мен сонда алғаш рет байқадым. Күн қаншалықты күйіп тұрғанымен денең тітіркеніп, тұла бойың суықтан қалтырағандай боласың. Уақыт өте келе бұл үрейді де жеңдік. Бізді тау шатқалындағы атыс нүктесіне әкеліп тастады. Бас аяғы жеті-сегіз жігітпіз. Міндетіміз – күре жолмен жүретін керуенді күзетіп, дұшмандардың тұтқиылдан шабуыл жасамауын қамтамасыз ету, – дейді Мереке кешегі отты күндерін қайыра еске түсіріп.

Мереке Ауғанстанда совет жаяу әскерінің арнайы машинасында (БМП) мерген-атушы болды. Грозныйда дайындық кезінде талай рет нысанаға дөп тигізіп, өзінің шебер әрі шапшаңдығымен көзге түскен еді. Ауған жеріне келген соң да оны тау шатқалындағы атыс нүктесіне атқыш етіп жіберген болатын. Бұл жерде де ол өзін көрсете білді. Кейін оны керуенді қорғап жүретін жасақтардың БМП-сына мерген-атқыш етіп қойды. Бұл нағыз тозақ отындай еді КСРО-дан Ауғанстан жеріне кіргізілетін азық-түлік, жанар-жағармай, дәрі-дәрмек оқ-дәрі, авиабомба сияқты заттар мен адамдарды жеткізу – «автобаттардың» міндеті болатын. Яғни «автобаттар» – Ауғандағы әскери құрылымдардың «тамырына» қан жүргізуші негізгі күш еді. Ал, оларды қорғау Мереке Құсайынов сынды «жанкештілердің» міндеті болатын.

«Душмандар «автобаттарға» ерекше шүйлігетін. Себебі, ішке қарай неғұрлым аз жүк өтсе, соғысып жатқан әскери құрамдардың жағдайлары да соғұрлым әлсірей беретіні оларға да белгілі. Ал, сол керуеннің алдында, не соңында келе жатқан қорғаушы жасаққа жау снаряды бірінші түседі. Өйткені, оларды қорғаусыз қалдырса жаншып тастау оңай. Міне, сондай қауіп-қатерге толы сан сапарды бастан өткердік. Сол қатерлі жол арқылы сан мәрте әрі-бері аман-есен өту Жаратқанның саған берген ерекше сыйы болатын. Өкінішке қарай, көп достарымыз сол көпірдің үстінде қалды…»

От пен оқтың ортасында жүрген қарулас серіктерінің қатары күн сайын сиреп, ажалмен әр күні бетпе-бет кездескен сәттер болғандығын бүгінде осылай деп тебірене еске алады Мереке.

Ауған даласының әр күні қауіп-қатерге толы еді. Жан-жағыңды қоршаған тау мен шатқал дұшмандардың алынбас қорған, қамалы болатын. Олар кез келген сәтте жер астынан шыққандай болып тарпа бас салатын да, тоз-тозыңды шығаратын. Осындай қауіптен қорғанған басшылар Мереке Құсайынов қызмет ететін батальонды қорғаудың жаңаша тәсілін ойлап тапты. Олар жау тұтқиылдан тап береді-ау деген тұстарға блок-посттар қойды. Олардың ара қашықтығы да шалғай еді. Егер бір блок-постқа шабуыл бола қалса екіншісінен көмек келем дегенше сау тамтығың қалары екі талай. Ал, бекеттегі жауынгерлердің саны бес-алты адамнан ғана.

– Бірде батальонның негізгі күші рейдке кетті де, мұнда санаулы жасақтар ғана қалған еді. Басым көпшілігі офицерлер болатын. Осыны білген дұшмандар бізге шабуыл жасады. Тау-тасты бекініс етіп алған олар жоғарыдан оқты жаңбырша жаудырып, снарядты бұршақша боратып жатыр. Бас көтертер емес. Әрине, біз де қарап қалмадық. Ентелеген дұшмандардың бетін қайтарып жатырмыз. Біздің өлермен, жанкештілігімізді байқаған жау жағы да шабуылды азайтты. Сондай бір қаға берісте штабтан келген бір полковник «Сендер неге жау снарядтарын батальонның бекінісіне өткізіп жатырсыңдар. Бәріңді трибуналға беремін», деп күш көрсетпесі бар ма. Онсыз да шыдамымыз шекте тұр еді. Біз де дүрсе қоя бердік. «Біз снарядтарды қағып алатын қақпашы емеспіз. Дұшмандарды бері өткізбедік. Оның өзі үлкен жұмыс. Штабтағылардың бәрін қорғау міндетіміз емес шығар» дедік.

Айтуын айтып қалсақ та «осының соңы не болар екен?» деп қорқып қалдық. Әйтсе де, полковник ер мінезді екен. Біздің жоқтан бар жасап, жаудың бетін қайтарып тұрғанымызды сезді де бұл әңгімені өршітпеді. Кейін басшылар келгенде біздің дұшмандардың кезекті шабуылын тойтарғанымызды айтты. Қолбасшылар бізге алғыс жариялады.

Иә, ол кезде бастықтардан алған ауызша алғыстың өзі үлкен марапатпен бірдей еді ғой, – деп еске алады сол бір қаһарлы күндерді Мереке.

Ауған соғысының ардагерлері айтқан әрбір әңгіменің өзі бір-бір шығармаға арқау болары сөзсіз. Біз олар жайлы әлі де талай толғайтын боламыз.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.