Өнерге қадам басты

Оқушылар сарайының тәрбиеленушісі, №16 орта мектептің 9 сынып оқушысы, бірнеше қалалық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, қаламыздан өсіп келе жатқан жас әнші Салтанат Серкебава жақында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өзінің ең алғашқы «Туған жер» атты ән кешін өткізді.

Салтанат былтырғы жылы «Күншуақ» байқауының бас жүлдесі – Түркия мемлекетінің Аланья қаласында өтетін Халықаралық ән байқауына жолдама ұтып алған болатын. Салтанат бұл байқауда тек қаланың атын ғана емес, қазақ елінің намысын қорғайды. Оның осы бір сын алдындағы ән кешін өткізуге мүмкіндік жасаған қалалық әкімдік пен «Қазақмыс» корпорациясы.

С.Серкебаеваның ән кешіне туған-туыстары, өнердегі және өмірдегі достары, қалың көпшілік қатысты.

Жас әншінің алғашқы ән кешін «Нұршашу» би тобы ашты.

Кешті жүргізген Динара Ширекбава мен Дулат Төлегенов ертеңгі еліміздің атын әлемге паш еткелі отырған ару қыздың жеткен жетістіктерін мақтанышпен жеткізіп, кештің басты кейіпкерін ортаға шақырды.

Немересінің өнер айдынындағы қадамына ақ батасын беруге Түркістаннан арнайы келген Ақыл әже ақ жол тіледі.

Салтанат ән кешінің шымылдығын жаңа әндермен ашты. Алматы қаласындағы жас композиторлардың бірі – Айгүл Адиханованың сөзі мен әніне жазылған «Туған жерім» және «Отаным», «Астанам» атты әндерді тыңдарманына тарту етті.

Бұл күні Салтанатты өнердегі аға-апалары, оқушылар сарайында дәріс алып жүрген достары келіп, қолдау көрсетті. Атап айтар болсақ, талай жас әншіге үлгі болған Жамал Омарова мен оның ұлы Абылай, кішкентай балғындардан құрылған «Жұлдыздар» тобы, Мақсат Қанатұлы, Төлеу Халифа әсем әндер орындаса, Аяулым Жаппар күмбірлетіп күй орындады. – Менің әнге деген құштарлығымды көріп, оқушылар сарайына жетелеп әкелген, осындай дәрежеге жеткізген ең әуелі анам Кенженің арқасы, одан кейін, оқушылар сарайындағы ұстаздарымның арқасы. Әсіресе, мені жетелеп, өнерге әкелген жетекшім Эльмара Жұбаниязованың еңбегі ерекше. Ал, әнмен сүйемелдеп жүрген ұстазым Мадияр Құлашевқа айтар алғысым шексіз, – деген Салтанат сүйемелдеуші ұстазымен бірнеше әндер орындады.

Кеш барысында Салтанат ана, әке жайында әндер орындады. Сонымен қоса, шет елдің де әндерін өз талғамына қарай көрермендеріне жеткізе білді.

Салтанаттың ән кешінде білім ошағындағы ұстазы Ләззат Баймағамбетова мен оқушылар сарайының директоры Гүлнар Сансызбаева қадамына сәттілік тіледі.

Шығармашылық кеш соңында, Салтанат ән кешін ұйымдастыруға ұйытқы болған қалалық әкімдікке және корпорация басшылығына алғысын білдірді.

Өнерге қадам басқан Салтанатқа біз да сәттілік тіледік! Ағымдағы жылдың маусым айында өтетін Халықаралық байқауда бағың жансын!

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.