Сағынып салауат айтатын ай

Жан-жағы мейірімге толы Жаратушымыз Алла Тағала соңғы дін – ислам діні арқылы бүкіл діндерді толықтырып, кемеліне келтірді. Сүйікті құлдарын екі дүние бақытына жетелеуші Құран Кәрімді түсірді. Қасиетті Құранды түсіндіруде еленбей еңбек етіп, адамзат санасына тура жолды көрсетуден жалықпаған ұстазымыз, пай-ғамбарлар сардары, соңғы елші Мұхаммед (с.ғ.с) қараңғы адамзатты жарыққа жетелеуші ұстаз етті. Соңғы елші Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл міндетті орындау кезінде өз бойындағы ерекше қарапайымдылық, кешірімділік, сүйіспеншілік, мейірімділік сияқты тағы басқа да мұсылман үмметінің бойынан табылуы керек болған керемет сипаттарды да өз өмірінде көрсетіп кетті. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дене бітімі көркем, бойы орта, жаратылысы барынша кемел, еш теңдесі жоқ ерекше жан еді. Алла елшісінің жаратылысын кемелділігін сөзбен айтып жеткізуге ешкімнің тілі жете қоймас. Әйгілі сахаба Әмір ибн Ас (р.а) «Расулуллахпен (с.ғ.с) бірге ұзақ уақыт болдым. Бірақ оның (с.ғ.с) алдында тұрған кезімде ұялғанымнан және Оған (с.ғ.с) деген құрметімнен мүбарак нұры жүзіне көз жанарымды салып тойғанша қарай алған емеспін. Егер бүгін маған біреу: «Расулулланың (с.ғ.с) дидарын сипаттап берші», — десе, сенесіздер ме, мен айтып бере алмаймын», — деп түсіндірген. Расулуллах (с.ғ.с) айналасына нұр шашып, жүрекке иман ұялататын мүбарак жүздердің ең тазасы, ең әсемі еді.

Алла Тағала өз елшісінің бойына кемел мейірім, жоғарғы дәрежеде ілім бергендігін уақиғалармен дәйек ретінде түсіне аламыз. Алла Тағала Қасиетті Құранда «Біз сені күллі әлемге тек мейірім ретінде ғана жібердік» (Әнбия сүресі 107 – аят). Көкірегінде мейірім оты жалындаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз міндетінде талай қиын сынақтарға ұшыраса да, жәбір көрсеткен дін қастарына тек мейіріммен қарап, олардың жүректеріне Алладан хидаят сұраудан жалықпады. Осыған дәлел ретінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с)-нің өмір тарихын оқып отырсақ Алла елшісі хақ дінді жеткізу мақсатында ел арасына келгенде ол елдің үлкендерінен балаларына дейін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мүбарак денесіне тас боратқан уақытта, қан жоса болған Алла елшісіне Жәбірейіл періште келіп: «Қалайсың ба? Осы қауымды Жаратушынның үлкен таспен бастырып қойғанын» — дегенде «Жоқ! Алла Тағалам бұларды кешіре гөр, өйткені бұлар менің пайғамбар (c.ғ.с) екенімді білмейді ғой» — деп олар үшін де Алладан кешірім сұраған. Алла елшісінің бойынан осындай кереметтей сипаттарды табу қиын емес еді. Сондықтан да осындай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмбеті болғанына, біздердің арманымыз жоқ десек артық айтқанымыз емес. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде : «Ей, Пайғамбарым! Сен кешірімділік жолын ұста! Лайықты болғанды әмір ет! Надандарға көңіл бөлме!» деп бұйырылған болатын («Ағраф» сүресі, 199- аят)

Осындай адамзат тұлғасының ең асыл ардақтысы пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл өмірге келуінің өзі біздер үшін үлкен бақыт екені айдан анық. Қай дұғамызда болсын бастауын Алланың атымен бастап, соңынан салауат айтумен аяқтайтын болсақ, ол жасаған дұғамыздың қабыл болу үміті басымырақ. «Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с) мешітте отырған кезінде бір сахаба асығыс дұға жасап, соңынан пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтпастан бетін сипап дұғасын аяқтайды. Мұны көрген Алла елшісі (с.ғ.с) әлгі адамды қасына шақырып: «Неге асығыстық жасайсың? Дұғаңды салауатсыз аяқтама», деп ескертеді». Сондықтан да, оқырман жамағат, қандай жағдайда болмасын қолымызды жайып, дұға ететін болсақ, пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтып, аяқтауымыз керек екен. Әр уақытта пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтып жүру міндетіміз. Алла Тағала: «Расында, Алла және оның жаратқан періштелері пайғамбарға салауат айтады. Әй, мүміндер! Сендер де Оған (Мұхаммедке) салауат айтып және (шын) ықыласпен сәлем жолдаңдар» («Ахзаб»сүресі, 56-аят). Надандықтан жақсылыққа жетелеген мақтанышымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) де арнап салауат айтып, сәлем жолдауының артықшылығымен сауабына қатысты көптеген хадистер бар. Әнастан (р.а) жеткізілген мына бір хадисте: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла тағала оған он салауат айтады. Әрі он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтеріледі», – деген. Ислам ғалымдары жоғарыда айтылған аят, хадистерге сүйене отырып, Пайғамбарымыздың аты аталған уақытта естіген адам (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деп айтуы керек.

Ойымызды тобықтай келе, құрметті мұсылман жамағаты, Пайғамбарға (с.ғ.с) шын ықылас көңілмен көп салауат айтып, Жаратушымыздың сүйікті елшісіне сәлем жолдайық.

Хамит Мырзагелдиев, Балмағамбет Балқыбайұлы мешітінің найб имамы.

Комментарии закрыты.