Ой салған отырыс

Жаңа Жолдаудағы жаңа міндеттердің бірі – 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіру.

Осы мәселені бізде алғашқы көтерген қалалық «Жастар көшбасшысы» Қауымдастығының «Жас саясаткер» пікірталас клубы болды.

Б.Бұлқышев атындағы Орталықтандырылған кітапханада «Қазақ әліпбиінің тағдыры» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелге белсенді жастармен қатар, қаланың Құрметті азаматы М.Қожахметов, қалалық мәслихаттың депутаты А.Төлендина, «Шындық» ҚБ төрағасы А.Дастанов, БАҚ өкілдері мен тіл жанашырлары шақырылды.

Пікірталасты қауымдастықтың төрағасы Н.Наурызбаев қазақ әліпбиінің тарихына шолу жасап, әлем тілдерінің қатарына әлі қосыла қоймаған қазақ тілі үшін латын қарпіне көшудің пайдасы бар ма, зияны бар ма деген сауалын ортаға тастады.

М.Қожахметов латын қарпіне көшудің пайдасы мен зиянын болашақ көрсетер, дегенмен жастардың ынтасы бар ма, оларға оңай болса да, алдыңғы буын өкілдеріне қиындау болады-ау деген ойын жеткізді.

Кітапхана директоры Ж.Мизамбаева келешекте кітаптар латын қарпіне толық аударылмай қалып, құнды дүниелерімізді жоғалтып алмаймыз ба деген күдігін айтты.

Талқыланған тақырыпқа байланысты латынға тек қазақтар ғана көше ме, әлде барлық қазақстандықтар көше ме, неден бастау керек деген ойлар да талқыланды. Белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің пікірлері тыңдалды.

Қалай дегенде де заман талабынан асып кетпейміз деп ойларын түйіндеген қонақтар отырыстың ұйымдастырушыларына алғыстарын айтып, отырыстағы ойларды айтылған жерде қалдырмай ресми органдарға жеткізуді ұсынды.

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.