Кешенді бағдарламалар толық жүзеге асырылады

Дүйсенбі күні облыс әкімі Бауыржан Әбдішев Жезқазған аймағына жұмыс сапарымен келді. Қадірлі мейман өз сапарын ұлт ұясы – Ұлытаудан бастады. Одан соң ол кеншілер қаласына атбасын тіреді. Сәтбаев қаласында облыс басшысы «Кеншілер даңқы» скверін аралап, спорттық-сауықтыру кешенінің және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС технологиялық колледжінің жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасының бірінші механизмі бойынша жөндеуден өткізілген үйлерді көріп өтті.

Нысандарды аралап өткеннен кейін облыс әкімі Бауыржан Әбдішев Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының актив жиынын өткізді. Оған қанаттас жатқан қос қала мен Ұлытау ауданының әкімдері Бауыржан Шыңғысов, Батырлан Ахметов, Әнуар Омаров және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай мен облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық, қалалық мекемелердің басшылары, ардагерлер қатысты. Алқалы жиынды ашқан облыс әкімі Жезқазған-Ұлытау өңірінде атқарылған ілкімді істердің бар екендігін атап айтты.

Өз сөзінде Бауыржан Әбдішев Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау аудандарының 2012-2017 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарының басым бағыттарының бірі минералдық-шикізаттық базаны кеңейту екендігіне тоқталды. 2012 жылы «Сарыарқа» ӘКК осы өңірдің бірқатар кен орындарында жер қойнауын пайдалану құқығына, сондай-ақ Жезқазған кен байыту фабрикасындағы техногендік-минералдық түзілімдерді қайта өңдеу құқығына ие болған болатын.

– Сондықтан жақын арада аталған кен орындарын өнеркәсіптік игеруге, қосымша жұмыс орындарын құра отырып, жаңа өндірістерді іске қосуға кірісу керек, – деп атап айтты облыс басшысы.

Осыдан кейін Жезқазған, Сәтбаев қалалары әкімдерінің 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен алдағы жоспарлары жөніндегі, сондай-ақ кешенді жоспарды жүзеге асыру және жылыту маусымының өткізілу барысы туралы есептері тыңдалды.

Кеншілер қаласының әкімі Батырлан Ахметов мінберге шығып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңірлерді дамыту бағытындағы кешенді жоспар шеңберінде шешімін тапқан жұмыстарды баяндады.

– Сәтбаев қаласы қазіргі таңда көптеген көрсеткіштер бойынша жақсы динамикаға ие. Әрине, ең маңыздысы кеншілер қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру екені мәлім. Осы бағытта 2012 жыл Сәтбаев қаласы үшін сәтті болғанын айту ләзім. Өткен жылы кеншілер қаласында Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының 2012-2017 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын іске асыру бойынша жұмыстар басталды, – дей келіп, Батырлан Ахметов кешенді жоспар бойынша қалада атқарылатын жұмыстарды саралап берді.

Кешенді жоспар бойынша Сәтбаев қаласының 66 және 74 орамдарында кәріздік жүйе құрылысын жөндеу жұмыстары жоспарлан-ған. Бұл жұмыстар да 2014 жылы басталмақ. Сонымен қатар, кешенді жоспарды жүзеге асыру барысында үстіміздегі жылы №1 жылу станциясын жаңарту және техникалық қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілетін болады.

Облыс басшысы өз тарапынан кеншілер қаласына қатысты өзекті мәселелерді де алға қойды. Оның айтуынша, Сәтбаев қаласында да Жезқазған қаласындағыдай мектептерді компьютерлендіру мен медициналық мекемелерде мамандардың жетіспейтінін айта келіп, бұл мәселелерді шешуге үлкен мән беру керектігін айтты.

Ол, сондай-ақ, жиынға қатысып отырған қанаттас қос қаланың ішкі істер басқармасының басшыларын тұрғызып, аймақта қылмыстың артып отырғанын, тәртіп бұзушылықтың да тиылмай келе жатқанын тілге тиек етіп, лауазымды тұлғаларға ескерту жасады.

Жиында «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай өңірдегі кен қорының әлі де біраз жылға жететінін, сондықтан корпорация өз жұмысын тоқтатып, басқа жаққа кетеді екен деген алыпқашпа сөздің негізсіз екенін баяндады.

– Рас, 2015 жылы біздің келісім-шартымыздың мерзімі бітеді. Бірақ, бұл корпорацияның жұмысы тоқтайды деген сөз емес. Және кеніштерде жаппай қысқарту болады деген де негізсіз. Біз бар болғаны кәсіпорындардағы жұмыстарды оңтайластырамыз. Оңтайластыруға кіретін кәсіпорындардың жұмыскерлерін басқа жұмыстарға ауыстырамыз, – деді басқарма төрағасы.

Осы жайттарды баяндай келе Эдуард Огай өңіріміздегі Сарыоба, Итауыз кеніштерінің де жаңғыртылып, Жомарт кенішінің кен алу ауқымы арттырылатынын тілге тиек етті.

Басқарма төрағасының сөзін облыс басшысы да қуаттап, аймақта қысқартудың болмайтынын, мұндай сөздердің жалған екенін айтып халықты сабырға шақырды. Керісінше, өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу мен кешенді жоспардың аясында атқарылатын жұмыстарға көпшілік болып үлес қосуға үндеді. Сонда ғана аймақты дамытуға мүмкіндік арта түсетінін айтты.

Осыларды баяндай келіп облыс әкімі Бауыржан Әбдішев жезқазғандықтар мен қала қонақтарының бас ауруына айналған теміржол қатынасының түйіткілін шешуге қатысты қуанышты хабарды да жеткізді. Облыс әкімі осы сапары барысында облыстық деңгейдегі жауапты тұлғаларға Жезқазған-Қарағанды бағытындағы поезға үш вагон қосуды тапсырды.

Талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімі аталған өңірлердің экономикасы мен әлеуметтік саласын қарқынды түрде дамыту, салық салынатын базаны кеңейту, инфляцияны тежеу және әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, медициналық кадрларды жұмысқа тарту туралы нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, Кешенді жоспарда көзделген жобалар бойынша конкурстық үдерістерді өткізу, қылмыспен күресті күшейту, жергілікті бюджеттен мектептерге компьютерлік техникалар алуға қаржы бөлу, жылыту маусымының барысын қатаң қадағалауды тапсырды.

Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдеріне Мемлекет басшысының 2013 жылдың 23 қаңтарында өткен кеңесте берген тапсырмалары аясында коммуналдық қызметтерді есептеу құралдарын толық орнатуды қамтамасыз ету, электр энергиясын тұтынуды жыл сайын 10% төмендету және өңірде жаңартылатын энергия көздерін орналастыру бойынша 2013-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Ұлытау ауданының әкіміне кәсіпкерлік және өнеркәсіп, туризм, дене шынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесе отырып, «Ұлытау-Ел» туристік-сауықтыру кешенінің құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге инвесторлар тартуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.