Өңірдің өсу қарқынымен танысты

Елбасы Жарлығымен қаңтар айында Қарағанды облысының басшылығын қолға алған Бауыржан Әбдішев апта басында Жезқазған аймағына жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімі қос қаланың және ауданның әлеуметтік жағдайымен танысу мақсатында Ұлытау ауданы мен Жезқазған, Сәтбаев қалаларында болып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарымен танысты. Қаламыздағы іссапарын Бауыржан Түйтеұлы кеншілердің ерен еңбегіне арнап орнатылған «Кенші Даңқы» монументінен бастады. Облыс әкімімен Сәтбаев қаласының әкімі Б.Ахметов, Жезқазған қаласының әкімі Б.Шыңғысов, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басқармасының төрағасы Э.Огай, «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің бас директоры Ж.Бөрібаев, сонымен қатар, әкім орынбасарлары мен бөлім басшылары болды. Облыс басшысын аталған нысанмен қала әкімі Батырлан Ахметов таныстырды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауында ел тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуды басты назарда ұстау керектігін жиі айтады. Әсіресе, бүгінгі күні күрделеніп тұрған баспана мәселесін шешуге күш салынуда. Елбасының тапсырмасымен 2011 жылы пилоттық кезеңде жүзеге асқан тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасының нәтижесінде қаладағы 5 ескі үй жаңа келбетке ие болды. Осы бағытта атқарылған жұмыстармен танысу мақсатында облыс басшысы ТКШ модернизациялау бойынша жөндеуден өткен Тәуелсіздік даңғылы 16 үйді көріп, тұрғындармен тілдесті. Облыс бойынша Сәтбаев қаласы алғаш болып осы бағдарламаны сәтті жүзеге асырып келеді. Бағдарлама негізінде 2011 жылы 5 тұрғын үйді модернизациялау нәтижесін берген соң, 2012 жылы да бұл жұмыс жалғасын тапты. Қала әкімі Батырлан Ахметов осы бағытта бағдарламаны жалғастыруда жұмыстар жүретіндігін жеткізді. Тұрғындар да ескі үйлерді жаңартуға мүмкіндік берген бұл бағдарламаның жүзеге асуына көп мүмкіндік жасаған Елбасына алғыстарын айтты. Бауыржан Түйтеұлы қала әкіміне жалпы бағдарламаның тиімді жұмысы жайлы халықты ақпараттандыру керектігін атап, тұрғын үй көмегі жағынан қай жерде не жетіспейтіндігін анықтау қажеттілігін де тілге тиек етті. Ендігі жерде ескірген үйлерін ТКШ модернизациялау бағдарламасы бойынша жаңартамын деген тұрғындар үшін төленетін несие мерзімі 7 жылды құрайды. Тұрғын үй шаруашылығының жұмысын жаңғырту ағымдағы жылы да жалғасады. Өз сөзінде «модернизациялаудан өткен үйлердің аула аумақтарының барлығы жергілікті бюджет есебінен абаттандырылады» деді облыс басшысы. Одан кейін облыс басшысы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты спорттық-сауықтыру кешенінде болып футбол манежін, мұз айдынын, жүзу бассейнін аралады. Б.Әбдішев алдағы уақытта «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-інің «Қазақмыс Спорт» филиалының спорттық нысандары – «Жастар», «Ұлытау» спорт сарайларын, тағы да басқа бірқатар спорттық нысандарды Қарағанды облысы әкімшілігінің коммуналдық меншігіне беру туралы ұсынысты жеткізді. 2008 жылдан бері техникалық орта арнайы білім беріп, тау-кен өндірістік орындарына мамандар даярлап келе жатқан технологиялық колледжінде болған облыс басшысы колледж бүгінгі күні заманауи техникалармен жабдықталып, барлық талаптарға сай білім берілетіндігі қуантарлық екендігін жеткізді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық және ішкі тіршілігімен танысқан Қарағанды облысының әкімі Б.Әбдішев алда атқарылар жұмыстардың нәтижелі болуын тапсырды. Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.