Өзара тәжірибе алмасты

Сәтбаев қаласындағы жылу-энергетика кәсіпорны кәсіподақ комитетінің кезекті мәжілісі күн тәртібіндегі бірқатар мәселелерді қараумен қатар, өзара пікір алысуға, тәжірибе алмасуға ұласты. Осылайша өтуіне бастауыш ұйымдағы бас қосуға Жезқазған кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Ақыл Төлепбергеновтың қатысуы түрткі болды.

Алты жүзге жуық кәсіподақ мүшесін біріктіріп отырған Әли Дауылбаев жетекшілік ететін бұл бастауыш ұйымда 7 цехтық комитет бар. Кезекті кәсіподақ комитетінің отырысында осы цехтық комитеттің бірінің есебі тыңдалды. № 1 жылу-электр цехы кәсіподағы комитетінің төрағасы Ольга Кулагина есепті кезеңде атқарылған жұмысты баяндап болғаны сол, әріптестері сұрақтарын жаудырды. Олардың білгілері келгені, бір сөзбен айтқанда, кәсіподақтың ықпалын қалайша арттырған жөн? Қатардағы кәсіподақ мүшелерінің еңбек белсенділігін көтермелеудің тиімді тұстары қайсы? Асхана мен тұрмыстық-жуыну бөлмелерінің жұмысын ретке келтіру үшін не істелді? Кәсіпорын басшыларының есебін тыңдауды қалай ұйымдастырған орынды?

Осы тұрғыдағы сұрақтардың бірқатарына өз тарапынан Жезқазған кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Ақыл Төлепбергеновтің жауап беруіне тура келді. Кәсіпорында өткен бұл мәжіліс ашық пікір алысып, тәжірибе алмасуымен пайдалы болды.

Ш.Ибадатов, Жезқазған кәсіподақ ұйымының баспасөз хатшысы.

Комментарии закрыты.