«Көңілімнен ұшады кептер – өлең…»

Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен осындай тақырыпта поэзия кеші болып өтті. Кештің себепкері – Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәуренбек Бұланбаев.

Өткен жылы №16 жалпы білім беретін орта мектепте ақынның «Мұңайма, менің аққуым» атты тұңғыш жыр жинағының тұсаукесері өткен болатын. Аталмыш жыр жинақ Қарағанды қаласындағы «Арко» баспаханасынан басылып шыққан. Осылайша, қаламыздың мәдени өмірінде мақтанарлық бір жаңалық болып, рухани қазынамыз бір кітаппен толыққан-ды.

Кешті өткізудегі мақсат – оқырмандарды поэзияны сүюге баулу, жерлес ақынның өлеңдерін насихаттау және шығармашылығымен таныстыру болды.

Поэзия кешіне №16, №3 және Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептердің оқушылары қатысып, ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Шығармашылық кештің қонағы ретінде шақырыл-ған Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ақын Мұса Тілеуов өзінің жүрекжарды ақ тілегін білдірді. Жырсүйер қауым Дәуренбек Дәнекеұлының жырларын тыңдап, көңілдері көтеріліп, алдағы уақытта ақынға шығармашылық мол табыстар тіледі.

Кеш соңы «Ұлағатты ұстаз, дарынды ақын» атты кітап көрмесіне жалғасты.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.