Жарайсың, «Шабыт!»

Эстрадалық және халық әндерін орындайтын талантты жастарды, әуесқой сазгерлер мен өңдеушілерді, сауық-сайран шоу-бағдарламаларды жүргізушілерді анықтап, оларды көпшілікке танытып, насихаттау мақсатында 21-22 ақпан күндері Қарағанды қаласындағы кеншілер мәдениет сарайында XVII облыстық «Жас қанат- 2013» байқауы өтті.

Облыстың барлық қалалары мен аудандарынан ән орындаушылар байқауына 46 талантты жас және 25 шоу бағдарлама жүргізушілері қатысты. Байқау екі турдан тұрды. Бірінші іріктеу турында ереже тәртібіне сәйкес кәсіптік мерекелер мен еңбеккерлерге арналған әндерді, ал, екінші қорытынды тур – гала-концертте өз таңдауы бойынша ән орындау керек болатын. Бірінші турдың қорытындысында екінші кезеңге 28 өнерпаз жолдама алды. Байқауға Сәтбаев қаласынан «Шабыт» триосы қатысып табыспен қайтты. Оның құрамында бұрынғы «Астана» квартетінің талантты әншілері: Думан Рахимов, Бауыржан Алайдаров және жас әнші Темірлан Сайлаубек бар. Іріктеу турында «Шабыт» тобы жергілікті сазгер Жақсыкелді Сейіловтың әнін орындап, екінші турға жолдама алды. Нәтижесінде І-ші жүлделі орынды жеңіп алды.

– Байқау барысында «Астана» квартетінің жетекшісі, әнші апамыз Айгүл Күлшекеновадан алған тәлім-тәрбиеміздің көмегі тиді. Өйткені, талантты әншілер өте көп екен, – дейді «Шабыт» тобының мүшесі Д.Рахимов.

Осы байқауға қатысуларына күш салып, ықпал еткен Сәтбаев қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Г.Шахмановаға жүлдегерлердің айтар алғысы шексіз.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.