Сауалдарға жауап берді

Сейсенбі күні №16 орта мектептің қабырғасында еліміздегі діни ахуал төңірегінде жастармен ой бөлісу, дәстүрлі дін мен дәстүрлі емес діндердің ара-жігін ажыратып беру мақсатында құрылған ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті. Бұл кездесуге қала мектептерінің оқушылары мен олардың ата-аналары қатысып, дін төңірегінде көп сауалға жауап алды.

Кездесуді ашып, жүргізген қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Кауһар Сағындықова жиынның маңызына тоқтала келе, Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахмановқа сөз берді. Бақдәулет қажы өз кезегінде дәстүрлі дініміз жайында жиналған көпшілікке мол мағұлмат берді. – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің биылғы ұзақ мерзімді бағдарламалық Жолдауында «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр» деп, атап өткен болатын. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні қазақ жастары өзге діни ағымдардың жетегіне бой ұсынып, дәстүрлі дінімізге қайшы келетін іс-әрекеттер жасауда. Ата-дәстүрімізбен астасып жатқан дәстүрлі дін – Ислам дінінің атын жамылып, теріс жолға жастарды тартып жүрген топтар баршылық. Қазақ жастары ертеңгі күні өз дінінен, ділінен, тілінен алыстап кетпеу үшін бүгіннен осы мәселені біріге шешу керек, – деді бас имам.

Сондай-ақ, кездесуде көтерілген тақырып жөнінде Мұрат қажы Жағыпаров та ой бөлісті.

Сәрсенбі күні топ мүшелері қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының ұжымымен де кездесу өткізді.

Орталық мешіттің бас имамы Б.Абдрахманов пен мешіт намазханы М.Жағыпаров дәстүрлі дін жайында ақпарат беріп, тыңдаушылар тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.