Кәсіби шеберлік байқауы

Бүгінде «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы Жезқазған кәсіподағы ұйымының бастауыш ұйымдарында түрлі мамандық иелерінің арасында кәсіби шеберлік конкурстарын өткізу үрдісі қолға алынып отыр. Сондай бір шеберлік байқауы жақында өздігінен жүретін жерасты жабдықтарына сервистік қызмет көрсету басқармасында өтті. Оны кәсіпорындағы бастауыш кәсіподағы ұйымы өндірістік-техникалық бөлімдермен біріге отырып ұйымдастыруға ұйытқы болды.

Шеберлік сынға түсер сәт басталмас бұрын оның мән-жайын терең білу мақсатында кәсіпорындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, конкурс комиссиясының мүшесі Марина Такишованы әңгімеге тарттық.

— Бұл конкурсты өткізуге әзірлікті бұдан бірер ай бұрын бастадық. Алдымен, оның өтетіндігінен еңбек ұжымдары тегіс құлақтандырылды. Сосын кәсіпорнымызға қарасты үш қызмет орталығы мен бір учаске бастықтары қол қойған конкурсқа қатысу жөніндегі өтінімдер жиналды. Бұл өтінімдерде жас электр слесарларымен қатар, олардың тәлімгерлері көрсетілді. Өйткені, конкурсқа қатысушылар «Үздік жас электр слесары» және «Электр слесарының үздік тәлімгері» деген екі атақты жеңіп алу үшін сынға түсті. Бұл байқауды өткізудегі мақсатымыз – жастардың өз мамандығына деген қызығушылығын арттыру, шеберлік жолындағы олардың ізденісін жетілдіру, еңбек тәртібін сақтаудағы ұқыптылықты арттыру және тәлімгерлік қозғалысты кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, осындай кәсіби байқауларды өткізудегі өзіміздің тәжірибеміз бойынша олардың ішінен кәсіподақ ұйымының белсенділерін іріктейміз. Айталық, үздік көрсеткішке қол жеткізген жас маман иелерін қауіпсіздік техникасы ережесінің сақталуын қадағалай алатын қоғамдық инспекторлыққа сайлаймыз, — деген еді кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Оның айтқанынан және бір көңілге түйгеніміз, бұл шараның өтілуі туралы ереже де алдын-ала жасалыпты. Сол ережеге сәйкес конкурсқа қатысушылардың жұмыс өтіліне нақты шектеу қойылмаған екен. Айтқандай-ақ, сынға түскендердің алды он жыл шамасында жұмыс істегендер болса, ал жұмысқа тұрғанына небәрі 2-3-ақ жыл болғандар да бар. Бұл ережеде олардың шеберліктерін бағалау өлшемдері де нақты көрсетілген екен.

Міне, сын сағаты басталар сәт те келіп жетті. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Такишова конкурс комиссиясының мүшелерін таныстыра келіп, сынға түсушілерге сәттілік тіледі. Олар алдымен тест сұрақтарына жазбаша жауап беруге кірісті. Бұл сынға 15-20 минуттай уақыт берілді. Осы сәтті пайдаланып қалу мақсатында М.Такишованы тағы әңгімеге тарттық. Өзі жетекшілік ететін ұйымның жұмысы туралы қысқаша айтып беруін өтіндік.

М.Такишованың баяндаған жұмыстарының ішінен және бір көңілге түйгеніміз, кәсіподақ ұйымы белсенділерінің еңбек бәсекесін арттыруға ұйытқы болып отырғандығы. Өзара жарыс тиімді ұйымдастырылған. Жарыс қорытындысы ай сайын шығарылып, озаттар есімі кеңінен насихатталып отырады. Ал әр жарты жылдық сайын кәсіпорын бойынша шығарылған жарыс қорытындысына орай жеңімпаздар Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен атап өтіледі екен.

— Енді бір аса мақтанышпен айтар атқарған ісіміз — жұмыс орындарының тазалығы мен еңбек етуге қолайлы жағдай жасауға қол жеткізіп отырғандығымыз. Біздің жұмысымыз техника жөндеу ғой, бұл ретте қай цехтан болмасын ағып-тамып жатқан майды немесе қалай болса солай жатқан құрал-саймандарды бүгінде көрмейсіз. Бәрі ұқыпты жиналып, өз орнында тұр. Қабырғаларға қауіпсіздік техникасы жайлы сыр шерткен түрлі суреттер ілінген. Келешекте жұмыс орындары мен тұрмыстық бөлмелердің байқауын да өткізуді жоспарлап отырмыз. Түрлі жарыстарды ұйымдастырудан ұтарымыз көп екенін жақсы білеміз, — деді Марина Такишова.

Бұл сәтте тест тапсырған конкурсқа қатысушылар біртіндеп шыға бастады. Жас мамандар енді әртүрлі техника жөндеу шеберханаларында өз шеберліктері мен біліктілік деңгейлерінен сынға түсті. Комиссия мүшелері қойған сұрақтарға техниалық станоктар мен қосалқы бөлшектерді көрсете тұрып жауап берді. Әр қатысушының журналына тиісті бағалар түсіп жатты.

Тәлімгерлер арасындағы сайыс та қызу өтті. Конкурстың ережесіне сәйкес, жас мамандардың ұстаздары түрлі сын сарабына түсті. Олардың жарақатсыз жұмыс атқарғандығынан бастап жас мамандардың кәсіби баулу деңгейі, өндірістік көрсеткіштері, жұмыс орындарында еңбекті ұйымдастыруының жайы есепке алынды.

Конкурс қорытындысы жарияланар сәт те келіп жетті. Комиссия ұйғарымымен бірінші орынға «Торо» жөндеу орталығының тәлімгері Найманбай Әбілғазиннің шәкірті Александр Рассоханин лайықты деп табылды. Ал екінші және үшінші орындарға лайықтыларды анықтау үшін комиссия мүшелерінің біраз тер төгуіне тура келді. Бұл жүлделі орындарға үміткер қос жігіт бірдей ұпай жинағандықтан оларға сұрақтар қойыла бастады. Тек комиссия мүшелерінің ғана емес, тәлімгерлер қойған сұрақтарға да екеуі де мүдірмей жауап берді. Ақыры комиссия олардың жұмыс өтіліне орай орын беруді ұйғарды. Сөйтіп небәрі 3 жылдық жұмыс тәжірибесі бар Ардақ Қиямбеков (тәлімгері Қайрат Қапаров) — екінші орын, ал оған қарағанда жұмыс өтілі көп Григорий Радченко (тәлімгері Сергей Радченко) үшінші жүлделі орынды иемденді. Сондай-ақ, тәлімгерлер Болат Беков пен Иван Елисеевтің жас мамандарды еңбекке баулудағы жетістіктері атап өтілді. Барлығы «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы бастауыш ұйымының Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Конкурс жеңімпаздарын «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы Жезқазған кәсіподақ ұйымының кеңесшісі Шәкен Кененбаев құттықтап, осы кәсіби шеберлік байқауын тиімді ұйымдастырғаны үшін бастауыш кәсіподақ ұйымы мен кәсіпорын әкімшілігіне ризашылығын білдірді.

Ш.Ибадатов, Жезқазған кәсіподақ ұйымының баспасөз хатшысы.

Комментарии закрыты.